RU
Толық нұсқаға өту

Палестиналықтар жұмыссыз жүр

25.02.2026, 08:00 128

Батыс жағалаудағы палестиналықтар екі қолға бір күрек таппай жүр. Ал жан сақтау үшін табыс керек. Жұрт ас-судан тарығып, қарызға белшеден батқан.

100 мыңға жуық палестиналықтың Израиль аумағына кіріп, еңбек етуіне тыйым салынған. Осыған қарамастан ондаған мың азамат шекарадан заңсыз өтіп, жан бағуға мәжбүр.

Шухрат Баргути – Батыс жағалаудағы Тулькарм қаласының тұрғыны. Ас-судан тарығып отырған көп отбасылардың бірі. Бала-шағасының аш құрсақ жүргеніне біраз болғанын айтады. Осының кесірінен жиі ауыратынды шығарған. Әйел екі жылдан бері жалға алып тұрып жатқан үйдің ақысын төлей алмай келеді. Оны жылытуға да мүмкіндік жоқ. Ал жұбайы жұмыс іздеп, Израильге шекара асып кірмек болғаны үшін 5 айға қамалған. Соғыс басталмай тұрып ерлі-зайыптылар Израильде еңбек еткен. Қазір екеуі де жұмыссыз. 14  мың доллар көлемінде қарыздары бар.

Шухрат Баргути, Тулькарм қаласының тұрғыны:

- Соғыстан кейінгі өмір өте қиын. Балаларға беретін тамақ жоқ. Мектепке барады, бірақ оларға дәптер сатып алатын мүмкіндігім жоқ. Тоңазытқыш бос тұр. Құдайдан тезірек жағдайдың түзелуін сұраймыз. Жұмысымызға оралсақ екен дейміз.

Шухрат Баргути сияқты жұмыссыз жүргендер көп. 2023 жылы Газа секторында соғыс басталған кезде шамамен 100 мың палестиналыққа Израиль аумағында жұмыс істеуге тыйым салынды. Gisha құқық қорғау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, содан бері Израиль билігі небәрі 10  мың адамның жұмысқа оралуына рұқсат берді. Израиль басып алған Батыс жағалаудың қазіргі экономилалық жағдайы қиын. Мұнда жұмыс жоқтың қасы. Екі қолға бір күрек табылған күннің өзінде жалақы жеткіліксіз. Сол себепті тұрғындар бастарын қатерге тігіп, Израиль аумағына заңсыз кіруге мәжбүр. 9 метрлік бетон қабырғадан тұратын шекара оларға кедергі емес. 

Израильдегі палестиналық жұмысшы:

- Жұмысқа жетудің өзі қиындап кетті. Қауіпсіздік шаралары күшейген. Әскерилер қаптап жүр. Кез келген уақытта жұмыстан айырылып қалуымыз мүмкін. Жолда, көлік ішінде, жұмыста үнемі қыспаққа ұшыраймыз. Өз болашағымыз үшін алаңдаулымыз.

Батыс жағалауды 60 жылға жуық бақылауда ұстап отырған Израиль тарапы болса, палестиналықтарға ел аумағына кіріп, жұмыс істеуге рұқсат беруге міндетті емеспіз дейді.  Бұған дейін палестиналықтар Израильде, көбінесе, құрылыс пен қызмет көрсету саласында еңбек ететін.

Рафаэль Дадуш, израильдік мердігер:

- Соғыстан кейін палестиналық жұмысшылар лицензияларынан айырылды. Бұл өз кезегінде израильдік мердігерлерді тығырыққа тіреп отыр. Өйткені құрылыс бөгеліп, пәтер тапсыру уақыты кешіктіріліп жатыр. Меніңше, барлық қауіпсіздік шараларын ұстана отырып, екі тарап үшін де тиімді шешімге келу қажет. Әр жұмысшы жіті тексерістен өтуге тиіс.

Дүниежүзілік банк Израиль енгізген шектеулерге байланысты Батыс жағалаудың экономикасы құлдырау кезеңінде тұрғанын айтады. Өткен жылдың соңында жұмыссыздық деңгейі 30%-ға дейін жетті. Ал соғыс басталмай тұрып, бұл көрсеткіш екі есе төмен болған. 2022 жылы палестиналықтардың Израильде тапқан табысы Палестина экономикасына 4 млрд долларға жуық қаржы әкелген. Бұл Палестина әкімшілігі бюджетінің үштен екісіне тең.

Авторы: Мөлдір Жақан

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz