RU
Толық нұсқаға өту

Францияда халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесі өтіп жатыр

26.02.2026, 14:08 118

Биыл 62-ші рет ұйымдастырылып отырған ауқымды аграрлық шараға қазақстандық делегация да қатысып жатыр. 

Сапар барысында ветеринария, селекция, агротехнология салаларындағы жетекші француз компанияларымен келіссөздер жүргізілді. Сондай-ақ отандық ғалымдар - Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының бас директоры Эммануэль Субейранмен кездесу өткізді. 

Халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесі — Франция агросекторы үшін ең ірі іс-шара. Биыл 62-ші рет өткізіліп отыр. Бұл алаң серіктестердің өзара тәжірибе алмасып, бағыт-бағдарын айқындайтын дәстүрлі орынға айналған. Франциямен осы салада байланысты нығайтқан Қазақстан ауқымды көрмеге бірнеше жылдан бері белсенді қатысып келеді. Биыл еліміздің делегациясының бағдарламасы мазмұнды болды: вакциналар шығару, санитариялық қауіпсіздік, сұрыптау ісі және агроөнеркәсіп кешеніндегі цифрлық шешімдер. Осы бағыттар бойынша француз компанияларымен кездесулер ұйымдастырылып, тараптар ынтымақтастықты күшейтуге келісті. Былтыр агроөнеркәсіп секторындағы екіжақты сауда-саттық көлемі 2%-ға өсіп, 100 миллион доллардан асты. Қазақстан бұл жаққа соя, май өнімдері және этил спиртін экспорттайды. Ал Франциядан азық-түлік өнімдері, сары май, шарап, жеміс шырындары, сүт және кілегей импортталады.

Аманғали Бердалин, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

- Кеңейтілген Үкіметтің отырысында Президентіміз Үкіметке, соның ішінде Ауыл шаруашылық министрлігіне ветеринария саласының дамуты 2030 жылға дейін жоспарын бекіту тапсырды. Сол бағытта бүгінгі мынау Франция ауыл шаруашылық министрлігінің шақыруыменен біз осы выставкаға келдік. Мақсат – бір, біз қазіргі жағдайда жаңа технологияларды үйренуіміз керек, соны қолдануымыз керек, мысалы, осы шет елден малды тасығанша, біз қолдан ұрықтандыру технологиясын, эмбриондарменен ұрықтандыру технологиясын үйренгеніміз жөн.

Қазақстан үшін Францияның ауыл шаруашылығы саласындағы білім беру тәжірибесі де маңызды. Қазіргі таңда екі елдің жоғары оқу орындары арасында студенттер мен оқытушылардың академиялық алмасуы бойынша бағдарламалар жүзеге асырылуда. Еліміздің бірқатар университеттерінің ректорлары Франция аграрлық университеттері бірлестігі, Ұлттық ветеринариялық институты және жетекші аграрлық оқу орындарының өкілдерімен кездесті. Көрме аясында Сәкен Сейфуллин атындағы елордалық аграрлық университет пен Анже қаласындағы Жоғары ауыл шаруашылығы мектебі академиялық ұтқырлық жөнінде келісімге қол қойды. 

Қанат Тіреуов, С. Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ ректоры:

- Бәріміз жақсы білеміз, Францияда білім өте жоғары. Сонымен қатар ауыл шаруашылық саласы өте жақсы дамыған. Біз енді бүгін меморандумға қол қойып отырмыз, біздің балаларымыз академиялық ұтқырлықпен осы Францияның үздік университеттеріне келіп, оқуға, білім алуға болады, олардың технологиясын Қазақстанға алып келіп еңгізуге болады. Біздің ғалымдарымыз бен және осы Франция университеттерінің ғалымдарымен бірлесе жұмыс жасайды. 

Қазақстанға Францияның мал шаруашылығы, селекция, генетика, тұқым шаруашылығы және агроөнеркәсіп кешеніне цифрлық шешімдерді енгізу тәжірибесі де қызықты. Елімізде дәнді дақылдар өндірісінің артуы мен ірі қара басының едәуір көбеюін ескерсек, Бесінші республикамен бірге Еуропалық Одақ нарығына да экспортты ұлғайтуға мүмкіндік мол. Ал қарт құрлықтағы ең ірі аграрлық көрмелердің бірі мұндай келіссөздер үшін өте тиімді алаң саналады. 

Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz