RU
Толық нұсқаға өту

Телефонға телміру дерт пе?

27.02.2026, 08:10 71

Әлеуметтік желілер балаларға қалай әсер етеді?

Ата-аналар, тіпті мектеп басшылары да Meta Platforms, TikTok, Snapchat және YouTube-ті сотқа беріп жатыр.

Баланы телефонға телміртіп қоятын арнайы алгоритм расымен бар ма? Әлде ата-аналар текке даурығып жүр ме? АҚШ-та технологиялық алпауыттардың төңірегінде дау күшейді. Тағылған айыптың салмағы ауыр.  

Телефонға телміру дерт пе әлде әдейі жасалған алгоритм бе?

"Балалардың әлеуметтік желіде өткізетін уақытын 12 пайызға көбейтіп, платформаға тәуелділігін арттыру қажет". 2015 жылы Марк Цукерберг менеджерлерге дәл осындай тапсырма берген деседі. 

Бұл туралы Мета компаниясының ішкі хаттарынан белгілі болды. Айғақтар таяуда Лос-Анджелесте технологиялық алпауытқа қарсы басталған сотта жарияланды. Миллиардерге “оның компаниясы балалардың мінез-құлқын зерттеп, соған сай контентті күшейтетін алгоритм құрды” деген айып тағылып отыр. Марк Цукерберг болса, мұны жоққа шығарды. Кәсіпкер балалардың психологиясына әлеуметтік желілер емес, отбасылық жағдай мен әлеуметтік факторлар әсер етеді, деп ақталды. Алайда құқық қорғаушылар миллиардер платформаның жасөспірімдердің сана-сезіміне деген орасан қаупін жасырып отыр, деп санайды. 

Джули Селфо, “ Медиаға тәуелділікке қарсы аналар” құқық қорғау ұйымының негізін қалаушы: 

- Балалардың психикалық денсаулығы АҚШ педиатрлар академиясын да алаңдатып отыр. Олар 4 жыл бұрыг төтенше жағдай жариялады. Өйткені балалар арасында өз-өзіне қол жұмсау деректері көбеймесе, азаяр емес. Әлеуметтік желілердің, яғни олар тарататын қорқынышты контент пен платформаларға тәуелді қылатын алгоритмдердің балаларға кері әсерін ғалымдар айтуын айтып жатыр. Цукерберг мұны жақсы біледі. Алайда жауапкершіліктен қашып отыр. Қоғам бұл мәселеге юаса назар аударуы керек. 

Телефонға телміру дерт пе әлде әдейі жасалған алгоритм бе?

Сотқа арызды 19 жастағы бойжеткен түсірген. Ол бала кезінде Инстаграмға тәуелділіктен кейін күйзеліске ұшырағанын, тіпті өзіне қол жұмсау туралы ой келгенін айтып, шағымданған.

Оның сөзіне қарағанда, технологиялық алпауыттың басшысы пайда табу жолында балалардың денсаулығына қасақана зиян келтіріп келеді. "Тикток" пен "Снэпчат" үстінен де шағым түскен болатын. Бірақ даулы мәселе екі жақты келісім арқылы реттелген. Ал "Метаға" қарсы сот отырысы алқабилердің қатысуымен наурыз айының соңына дейін жалғасады.  Егер Meta ұтылса, ірі көлемде өтемақы төлейді. 13 жасқа дейінгі аккаунттар толық жойылуы мүмкін. Сарапшылар «бұл үдеріс әлемдегі цифрлық саясаттың өзгеруіне әкелуі мүмкін» деп топшылайды.

Иә, қазір екінің бірі әлеуметтік желімен қатар нейрожеліні де жиі қолданады. Ал шынында, мұның қоғам үшін пайдасымен қатар, қаупі де орасан. Бұған Канададағы қайғылы жағдай дәлел.  Осы елдің полициясы OpenAI компаниясының басшыларын жауап алуға шақырды. Бұған 10 ақпанда  мектепке жасалған шабуыл себеп. Қаскөй білім ошағында оқ атып, 9 адамды мерт қылған. Кейін өз-өзіне қол жұмсайды. The Wall Street Journal басылымының дерегі бойынша OpenAI шабуыл туралы 7 ай бұрын білуі мүмкін. Өйткені қылмыскер арам ойын қалай іске асыру туралы ChatGPT-ден сұраған. Компания алгоритмы қауіпті анықтаған. Алайда, жасөспірімнің аккаунтын бұғаттаумен ғана шектелген. Құзырлы органдарға  алдын ала ешқандай ақпарат берілмеген. Қылмыскердің чат-ботпен сөйлесуі шабуылға қалай әсер еткенін дәл айту мүмкін емес. Сондықтан, OpenAI компаниясы жауапкершілікке тартылуы екіталай, - дейді сарапшылар.

Әлеуметтік желілер темекіге теңестірілуі мүмкін

Технологиялар адамзат болашағына қалай әсер етуі мүмкін? Мұны дәл болжау мүмкін емес, әрине. Бастысы қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыру қажет, - дейді сарапшылар. Бірақ АҚШ-та әлеуметтік желілер темекімен теңестірілуі керек деген мәселе көтеріліп жатыр. Бастама қолдау тапса, онда платформалардың парақшаларын ашқан сайын адамның мінез-құлқына кері әсері туралы ескертуді шығару міндеттелмек.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz