RU
Толық нұсқаға өту

АҚШ Иранға қарсы әскери операция бастады. LIVE

28.02.2026, 15:00 45

“Басты мақсатымыз Иран режимінен АҚШ халқына төнген қауіпті жою”.

Бірер сәт бұрын дәл осылай деген Дональд Трамп АҚШ-тың Иранға ауқымды әскери операция бастағанын ресми түрде жариялады. Ақ үй басшысының әлеуметтік желісінде жарияланған бейнеүндеуде 47 жыл бойы ирандық режимнің “Америкаға  өлім тілеуі”, өткен ғасырдың 70-жылдарынан бері АҚШ елшілігіне, әскери базаларына шабуыл жасауы, Израильдегі Иран демеушілік ететін ХАМАС ұйымының шабуылы, өз азаматтарына қатыгездік танытуы осы әскери операция бастауға алғышарт болып отыр деді. Ақ үйден жеткен ақпарат жайлы не дейсіз?

Ердана Ержанұлы, тілші: 

- Вашингтонда қазір таңғы сағат 05:00. Екі сағат бұрын, түнгі үш шамасында Дональд Трамп АҚШ-тың Иранға шабуыл жасағанын ресми түрде мәлімдеді. Жағдай Женевадағы АҚШ-Иран арасындағы ядролық қаруға қатысы келіссөздердің сәтсіз аяқталуынан кейін ушығып отыр. Бүгінгі үндеуінде Былтыр Тегеранның ядролық нысандарына жасалған шабуылдан кейін қанша келісімге келгіміз келсе де, Иран көнбеді, ядролық қаруды дамытудан бас тартпады деп, әскери қадамнан басқа жол қалмағанын тілге тиек етті. Тіпті ұзақ қашықтыққа бағытталған зымырандарды да жасауды қолға алды, бұл АҚШ аумағына тікелей жетуі мүмкін деп, дәл қазір шешуші әрекетке барғанын алға тартты да, осы шабуыл барысында қандай мақсатты көздейтінін былай баяндады.

 Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Біз олардың зымыран әлеуетін және оны өндіру инфрақұрылымын толық жоямыз. Әскери-теңіз күштерін талқандап, аймақтағы террористік топтар мен олардың қолшоқпарларының өңір мен әлемді тұрақсыздандыруына тосқауыл қоямыз. Сондай-ақ олар қолданатын қолдан жасалған жарылғыш құрылғылардың біздің әскерге қарсы пайдаланылуына жол бермейміз. Ең бастысы — Иранның ядролық қаруға ие болмауын қамтамасыз етеміз. 

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Сондай-ақ Президент Иран режимін адам өлтіруге ұмтылып отыр деп айыптап, соғыста АҚШ тарапынан адам шығыны болуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Алайда бұл әрекет болашақ үшін жасалып отырғанын атап өтті. Және ол Иранның қарулы күштерін қаруды тастауға шақырып, бұл жағдайда толық кешірім берілетінін, ал қарсы тұрғандар қатаң жауапқа тартылатынын ескертті. Сөз соңында Иран халқына да үндеу жасады.

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Енді Иранның ардақты да айбынды халқына айтарым — еркіндік сәті таяп қалды. Қауіпсіз жерде болыңыздар, үйлеріңізден шықпаңыздар. Сыртта аса қауіпті, бомбалар түседі. Операция аяқталған соң билікті өз қолдарыңызға алыңыздар — ол сіздерге тиесілі болады. Бұл бірнеше ұрпақта бір-ақ рет келетін мүмкіндік болуы мүмкін. Көп жылдар бойы Америкадан көмек сұрадыңыздар, бірақ оны ала алмадыңыздар. Бұған дейін бірде-бір президент бүгін мен жасап отырған қадамға бармады. Енді сіздер қалағанды беріп отырған президент бар. Кезек сіздерде. Америка сіздерді орасан күшпен қолдап отыр. Тағдырларыңызды өз қолдарыңызға алып, қол созым жерде тұрған гүлденген, жарқын болашаққа жол ашатын кез келді.

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Кейбір сарапшылар Иранның дәл солай ұзақ қашықтыққа зымыран жасап жатқанын дәлелдейтін ресми деректің болмағанын айтып, АҚШ президентінің айыптауларына күмәнмен қарап отыр.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz