RU
Толық нұсқаға өту

Таяу Шығыстағы ахуал: Түркия тараптарды дипломатияға шақырды

01.03.2026, 19:40 47

Таяу Шығыстағы әскери әрекеттер халықаралық қауымдастықтың алаңдаушылығын тудырды.

Түркия қақтығыстың одан әрі өршуіне, жол бермес үшін шұғыл дипломатиялық байланыс арналарын іске қосты. Ел президенті Режеп Тайип Ердоған тараптарды келіссөзге шақырып, мәселені бейбіт жолмен шешуге үндеді.

Түркияның бірнеше қаласында АҚШ-тың Иранға қарсы әрекетіне наразы тұрғындар шеруге шықты. Қатысушылар Вашингтонның бұл қадамын аймақтық тұрақтылыққа төнген қауіп деп бағалап, әскери операцияларды тоқтатуға шақырды. Құқық қорғау органдары қауіпсіздік шараларын күшейтіп, жағдайды бақылауда ұстап отыр. Анкара бұл жағдайға байланысты дипломатиялық арналарды жедел іске қосты. Алдымен Мемлекет басшысы деңгейінде байланыс орнады. Режеп Тайип Ердоған АҚШ президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме барысында Таяу Шығыстағы ахуал, Иран төңірегіндегі жағдай мен шиеленісті ушықтырмау мәселесі талқыланды.Түркия тарапы әскери әрекеттің кеңеюі бүкіл аймаққа ауыр салдар әкелуі мүмкін екенін атап өтті. Кейін Ердоған бұл мәселеге қатысты көпшілік алдында мәлімдеме жасады.

Режеп Тайип Ердоған, Түркия Президенті:

- Аймақта қақтығыс ошағының пайда болуына жол бермеуіміз керек. Түркия бейбітшілік пен тұрақтылықты жақтайды. Біз әрдайым дипломатиялық шешімді қолдаймыз және бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін басты орынға қоямыз.

Мемлекет басшысы Түркияның жанжалды саяси-дипломатиялық жолмен шешуге дайын екенін мәлімдеді. Осыдан кейін келіссөзді Түркияның сыртқы істер министрі Хакан Фидан жалғастырды. Ведомство басшысы Иран, Ирак, Сауд Арабиясы, Қатар, Сирия, Мысыр және Индонезиядағы әріптестерімен телефон арқылы сөйлесіп, шиеленісті бәсеңдету жолдарын талқылады. Анкара барлық тараптарды шабуылдарды дереу тоқтатуға шақырып, халықаралық құқық нормалары негізінде диалогқа келуге үндеді. Қазір аймақта қауіптің алдын алуға бағытталған дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы аралықта Түркияда уақытша жүрген ирандықтар өз еліне орала бастады. Әсіресе құрлықтағы шекара бекеттерінде қозғалыс артқан.

Аймақта ахуал ушығып тұрған тұста Түркия дипломатиялық белсенділікті арттырды. Әскери эскалацияның алдын алып, бір мезетте ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және халықаралық серіктестермен диалогты жалғастыру бағытын ұстанып отыр.

Авторлары: Ә. Нұрлыбаева, Ж. Сүйіндіков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz