Оңтүстік Корея астанасы - Сеул қаласының дәл орталығында Қазақ үйі ашылды.
Онда келушілер еліміздің мәдениеті, салт-дәстүрі және көрікті жерлерімен таныс алады.
Сеулдегі Қазақ үйі халқымыздың ізгі дәстүріне сай шашу шашылып ашылды. Салтанатты іс-шараға орай мол дастархан жайылып, қонақтар қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татты. Көшпенділердің салт-дәстүрімен танысып, рухын сезінді.
Ли Сан Хон, жергілікті тұрғын:
- Мен киіз үйде алғаш рет болып тұрмын. Бірден Қазақстанның кең даласы мен жазықтарын елестеттім. Бүгін қазақтың ұлттық киімін киіп көрдім. Бұрын ақсүйектер осындай киім киген дейді..
Қазақ мәдени орталығын құруға бастамашы болған – Оңтүстік Кореяда 2022 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Номад» қазақтар қауымдастығы. Осы уақытқа дейін диаспора өкілдерінің жиналатын жеке ғимараты болмаған. Енді бұл үйде ұлттық би, домбыра, қолданбалы өнер және қазақ тілі үйірмелері жұмыс істейтін болады.
Динара Қошқарбаева, қазақ үйі басшысының орынбасары:
- Әкесі кәріс немесе анасы қазақ осы отбасыдан туылған балалар үшін тегін жүргізіледі. Ал "Мен енді қазақ тілін үйренгім келеді" деген кәріс халқы болса, енді оны ақылы түрде жүргізетін шығармыз.
Мадияр Өмірхан, қазақ үйінің менеджері:
- Алдағы уақытта жоспарымыз енді Кореяның шет-шетіндегі қандастарымызбен байланысқа шығу және жастарымыздың басын біріктіріп, бұдан үлкен жобаларға қатысу.
Қазақ үйіне келушілер Қазақстандағы кәрістердің тарихымен, Алатау жаңа қала жобасымен және еліміздің туристік нысандарымен таныса алады.
Маржан Нұрсадықова, қазақ үйінің менеджері:
- Негізі корей туристері Қазақстанға саяхат жасаған кезде, олар көбіне Алматы, Астана деген үлкен қалаларға барады ғой. Бірақ біздің негізі Шығыс Қазақстан облысынан мысалы Катонқарағай деген жеріміз бар, одан кейін Маңғыстау облысында әдемі-әдемі шөлдеріміз бар, соны да неге көрсетпеске, сондай бізде идея туып отыр.
Орталықтан қазақ тіліндегі кітаптарды, ұлттық киімдерді, тіпті киіз үйді де уақытша алуға болады. Көшпенділердің ежелгі баспанасын «Номад» қауымдастығына былтыр Отандастар қоры сыйға тартқан.
Владислав Цой, Ольга Лян
Тегтер #Сеул #Оңтүстік Корея #қазақ #үй #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz