Таяу Шығыста Иран мен Израиль арасындағы қақтығыстың ушығуынан мұнай бағасы күрт қымбаттады.
Бағаның бұлайша құбылуына Ормуз бұғазы арқылы жеткізілетін мұнай танкерлерінің тоқтап қалуы себеп. Ормуз бұғазы – Иран мен Оман арасындағы стратегиялық теңіз дәлізі. Ол арқылы дүниежүзіндегі мұнайдың шамамен 20 пайызы тасымалданады. Егер бұғаз жұмысы тоқтаса, нарықтағы ұсыныс азайып, баға одан әрі шарықтауы ықтимал.
АҚШ пен Израиль Иранға соққы берген соң инвесторлар мұнай жеткізілімі қиындайды деп қауіптеніп, бағаны көтере бастады. Лондонның ICE биржасының деректеріне сәйкес, шикізат бағасы 13 пайызға өсіп, барреліне шамамен 82 долларға жеткен. Бұл кейінгі төрт жылдағы ең жоғары өсім. Сарапшылардың болжамы да көңіл көншітпейді. Дағдарыс бірнеше күнге созылса, мамандар қара алтынның құны барреліне 120-150 долларға дейін шарықтайды деп болжайды.
Азияның қор нарығы құлдырады
Қақтығыс Азияның қор нарықтарына да кері әсер етті. Жапонияның Nikkei 225 индексі 1,5 пайызға төмендеді. Осындай көлемде Гонконгтың Hang Seng индексі де құлдырады. Ең үлкен төмендеу HSBC банкінің акцияларында тіркеліп, олар 4 пайыздан астам арзандады. Venturesmart Asia компаниясының бас директоры Фрэнсис Лун егер АҚШ, Израиль және Иран арасындағы қақтығыс энергия бағасының бұрын-соңды болмаған деңгейге өсуіне әкелсе, бұл жаһандық нарықтар үшін елеулі салдарға әкеп соқтыруы мүмкін екенін атап өтті.
Фрэнсис Лун, Venturesmart Asia компаниясының бас директоры:
- Меніңше, нарықтағы құлдырау әлі де жалғасады. Егер Ормуз бұғазы жабылса, Парсы шығанағынан мұнай тасымалы күрт қысқарады. Бұл бірден бағаның өсуіне әкеледі. Ал мұнайдың қымбаттауы бүкіл әлем экономикасына әсер етеді. Энергия шығындары артады, өндіріс қымбаттайды, инфляция күшейеді. Мұндай жағдай 1974 жылғы мұнай дағдарысынан кейін болған ұзақ экономикалық құлдырауға ұқсас жағдайға әкелуі мүмкін.
Алтын бағасы күрт өсті
Шиеленіс күшейген тұста алтын бағасы да өсті. Бағалы металдың бір троя унциясы бүгінде 5 390 АҚШ долларына дейін жетті. Көрсеткіш екі пайыздан жоғары өсім көрсетті. Осылайша, бағалы металл құны қаңтар айының соңында тіркелген шамамен 5 600 долларлық тарихи көрсеткішке біртіндеп таяп қалды.
Ян Вэй, халықаралық сарапшы:
- Егер Ормуз бұғазы жабылса, мұнай тасымалы қиындайды. Себебі әлемдік мұнайдың үлкен бөлігі дәл осы бағытпен өтеді. Баға өскен сайын алтын да қымбаттауы мүмкін. Бұл ең алдымен энергия саласына және теңіз арқылы тасымалға әсер етеді. Сонымен бірге аймақтағы қауіпсіздік жағдайы да күрделене түсуі ықтимал.
Нарықтағы алдағы ахуал геосаяси жағдайдың қалай өрбитініне тәуелді. Сарапшылар Ормуз бұғазы жабылған жағдайда әлемдік мұнай жеткізілімінің шамамен 20 пайызы іркіліске ұшырауы мүмкін екенін айтады. Мұндай үзіліс ұзаққа созылса, энергия бағасы күрт өсіп, жаһандық инфляция қайта үдеуі ықтимал. Ал бұл өз кезегінде азық-түлік пен күнделікті тұтыну тауарларының қымбаттауына алып келуі мүмкін.
Авторы: Динара Қуандыққызы
Тегтер #Таяу Шығыс #қақтығыстар #мұнай бағасыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz