RU
Толық нұсқаға өту

Түркия қауіпсіздік шараларын күшейтті

03.03.2026, 07:50 54

Түркия мен Иран шекарасы ашық тұр. Таяу Шығыста соғыс өрті тұтанғанмен ресми Анкара есігін жапқан жоқ.

Осы мүмкіндікті пайдаланған ирандықтар Анкара аумағына ақырындап өтіп жатыр. Ал аймақтағы Америка елшілігі өз қызметкерлерінің Иранмен шекаралас жатқан 22 провинцияға баруына шектеу қойған. Түркия да жағдайды назардан тыс қалдырған жоқ. Шекара ашық болғанмен, бақылауды күшейткен.

Таяу Шығыстан тыныштық кеткелі Түркия қолдан келген айла-амалын жасап жатыр. Дипломатиялық арналарын іске қосып, тараптарды бейбіт түрде диалогқа шақырып жатыр. Әзірге толық келісімге қолжеткізілген жоқ. Ел ішінде де америкалықтардың әрекетіне наразы жұрттың шерулері басылмай тұр. Қауіптің алдын алмақ болған Анкарадағы Америка елшілігі дереу сақтық шараларын жүргізе бастады. Ел аумағында жүрген отандастары мен қызметкерлеріне Иран, Ирак, Сириямен шекаралас жатқан 22 провинцияға баруын шектеді. Бұл туралы АҚШ-тың Анкарадағы елшілігі ресми парақшасында жариялады. Мән-жайды Түркия тарапы бақылауда ұстап отыр.

Қазір Анкара Иранмен шекарасында да қауіпсіздік шараларын күшейтті. Кейінгі 2 күнде ирандықтар Тегераннан Түркияға бассауғалап келіп жатыр. Өйткені Түркия әзірге Иранмен арадағы қақпаны жапқан жоқ. Өткізу пунктілері де жұмыс істеп тұр.

Мұстафа Чифтчи, Түркияның Ішкі істер министрі:

- Иранмен шекаралас аймақта қазіргі уақытта кез келген қауіпті жағдай немесе жаппай көші-қон жоқ. Барлық қауіпсіздік шаралары қатаң бақылауда.

Шекара маңындағы полиция мен жандарм қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істеу режиміне көшкен. Министрдің сөзінше, әзірге Ираннан Түркияға миграциялық толқу байқалмайды. Дегенмен келушілер де жоқ емес.

Қазір Түркия қауіпсіздікті басты орынға қойған. Иранмен өткізу пунктілері ашық болғанымен, шекарадан 500 шақырым жердегі аймақтарда да бақылау күшейтілген режимде жұмыс істеп тұр.

Авторлары: Ә. Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz