RU
Толық нұсқаға өту

76 жастағы ұлытаулық Еуропаға жаяу аттанды

03.03.2026, 09:10 53

Ұлытаулық ақсақал жер шарын жаяу аралайды. 76 жастағы Сәрсенбай атаның бұл төртінші сапары.

Осы жолы Сербия, Венгрия, Австрия, Германия, Франция елдерін жүріп өтпек. Бұған дейін де Қазақстанннан бөлек біраз шет жұртты жаяу аралаған жиһанкез арбасын жөндетіп, жолға дайындалып жатыр. Сәрсенбай Қотырашов мәдениет және туризм саласының үздігі, қолөнер шебері. Ардагер марафоншы алғашқы сапарын осыдан 4 жыл бұрын бастаған. Жиһанкез Қазақстанды түгел аралап, 8 мың шақырым жаяу жүреді. 2023 жылы Кавказ тауларын еңсеріп, Грузия арқылы Ыстамбұлға жеткен болатын. Ал 2024 жылы Ресейдің Алтай өлкесінен өтіп, Моңғолия мен Қытайға жаяу барды. Былтыр қаражаттың аздығы мен визалық кедергілерге байланысты Еуропаға сапарын жалғастыра алмаған. Саяхатшы діттеген межесін биыл жүріп өтуге ниетті.

Сәрсенбай Қотырашов, жиһанкез:

- Жалпы сапарға 58 күн. Мен салмағымды ауырлатып алмас үшін онша көп тамақ жемеймін. Суды да көп ішпеймін. Шәй ішпесемде басым ауырмайды. Жас күнімнен солай дағдыланып кеткенмін. Ол жақта ауа-райы мен үшін қиын емес. Себебі қаншама жер жүрдім, күннің ыстығына да, жаңбыр жауып тұрғанда да. Туннельден де жаяу өткенмін.

Саяхаттағы «серігіне» айналған қоларбасына жиһанкез киім-кешегін, аз-маз азық-түлік, жол бағытын көрсететін планшет пен карта, дәрі қобдишасы мен жатын орнын салып алады. Аялдаған жерлерде түрлі кездесулер мен баспасөз мәслихаттарын өткізіп, көшпелі халықтың тарихы мен қазақтың ежелден келе жатқан қымыз мейрамын насихаттайды.

Баян Шайгозова, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей қорығының ғылыми қызметкері:

- Ұлытау бұл Қазақстанның тарихи географиялық орталығы ғана емес, бүкіл түркі әлемінің алтын бесігі деп айтса болады. Қаншама Алтын Орда ескерткіштері орналасқан, үш жүздің басын қосқан жер. Осы жердің тарихын насихаттап, жалпы Қазақстанды аралаған кезде, Азия мемлекеттерін аралаған кезде солай айтқан болатын. Енді Еуропада «әр қазақ менің жалғызым» деп қазақ тарихы жөнінде айтпақшы.

Бақтияр Қожахметов, жиһанкездің көмекшісі:

- Қаражат жөнінде келетін болсақ, жалпы виза алу үшін өзінің тәртібі бар. Сол тәртіп бойынша күніне бұл кісіде 200 еуро болу керек. Ол қонақ үй, жолдағы шығындар. Сол қаражатты өткен жылы жинақтап, визаға ұсындық. Бұл кісі 2800 шақырымды екі айда өтем деп жоспарлап отыр. Өйткені күніне қырықтан астам шақырым жүре алады. Егер әр күнге 200 еуродан есептейтін болсақ, біздің ақшамен 6 млн-дай ақша керек екен. Сол 6 млн-дай ақшаны жинадық.

Жиһанкез бүгінге дейін 16 мың шақырымды жаяу кезіп өткен. Енді Еуропада 3 мың шақырымға жуық қашықтықты еңсермек.  Ақсақалдың өз межесі бар. Ол 40 мың шақырым жаяу саяхат жасап, Жер шары экваторының ұзындығына тең қашықтықты бағындыру. Биылғы сапар сәтті аяқталса, келер жылы АҚШ-қа жетіп, Атланттан Тынық мұхитының жағасына дейін жүріп өтпекші.

Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Бағдат Қайыркен

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz