Грекияда ұлы ойшыл Әл-Фараби мұралары ұлықталды.
Афинада Аристотельден кейін екінші ұстаз атанған қазақ халқының рухани символының құрметіне халықаралық конференция ұйымдастырылды. Іс-шараның өтуіне Қазақстанның Грекиядағы елшілігі ұйытқы болды. Конференцияға академиялық орта, ғылыми және сарапшылық қауымдастық өкілдері, сондай-ақ дипломатиялық миссия басшылары қатысты. Жиналғандар ғұламаның мұрасы Шығыс пен Батыстың зияткерлік дәстүрін жалғаған алтын көпірге айналғанын, ал оның еңбектеріне жүгіну халықтар арасындағы сенімді нығайтуға ықпал етіп отыр деді. Қазақстанның Грекиядағы елшісі Тимур Сұлтанғожин елімізде өтетін референдум туралы да ақпарат берді. Ол жаңа Конституцияның парламенттік жүйені одан әрі нығайтуға, тежемелік әрі тепе-теңдік тетіктерін кеңейтуге және адам құқықтарының кепілдіктерін күшейтуге бағытталғанын атап өтті. Шара барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Афина ұлттық және Каподистрий университеті арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Георгиос Стейрис, Афина Ұлттық және Каподистрий университеті философия кафедрасының меңгерушісі:
- Бұл келісім екі ел университеттері арасындағы кең көлемді ынтымақтастықтың бастамасы болады деп үміттенеміз. Меморандум көптеген қазақстандық студентке Грекияның оқу бағдарламаларына жол ашпақ.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Грекия #ӘлФарабиPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz