Араб әмірліктерінде қалған отандастарымызды арнайы әуе рейстерімен эвакуациялау басталды.
Бүгін алғашқы легі Алматыға бет алды. Тасымал шығындарын толықтай, ел үкіметі көтереді. Бұл істің басы-қасында Әмірліктер мен Омандағы қазақстандық дипломаттар жүр.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Кейінгі тәуліктерде Дубай мен Абу Дабидегі ахуал біршама тұрақталды. Қала тұрғындарының бойында анау айтарлық үрей мен қорқыныш жоқ. Ел билігі жағдай толық бақылауда деп сендіріп отыр.
Күні бұрын араб мемлекеті әуе кеңістігін шектеулі бағыттарда ашу жөнінде шешім қабылдаған еді. Содан бері шетелдік туристер арнайы рейстермен елден лек-легімен кете бастады. Әр қайсысына тасымалдаушы компания алдын ала хабарласып, әуежайға келу уақытын нақтылаған. Ал Қазақстан үкіметі Дубай мен Абу Дабидегі отандастар үшін «Маскат-Алматы» бағытында екі эвакуациялық екі рейсті іске қосты. Онымен алдымен егде жастағы кісілер, балалар мен әйелдер және денсаулығында кінараты бар жандар, ұзын-саны 460-тан қазақстандық елге оралуға мүмкіндік алды.
Мейіркүл Мамыржанова, турист:
- Транзитпен Дубайда болып, осындай келеңсіз жағдайға тап болдық. Қазақ еліне, елшіліктегі жігіттерге үлкен рақмет айтамыз. Өте білімді. Қазақтарды қауіп-қатерге қалдырмай, елге қайтарып жатыр.
Эвакуациялық рейс Оман астанасы арқылы орындалады. Маскатқа дейін жолаушылар автокөлікпен барып, кейін ұшаққа отыруға тиіс. Айта кеткен жөн, әмірліктерде елге қайтар сәтті асыға күтіп отырған өзге де отандастарымыз бар. Оларға дипломаттар консулдық және құқықтық көмек ұсынып жатыр. Арада жедел байланыс орнаған. Әуе кеңістігі жабылған сәттен барынша қолдау көрсетіп келеді.
Нәбиолла Ахатов, турист:
- Тіркеуден өтіп, ұшақ күтіп отқанда не боларын білмей отырғанда жігіттер келіп, түсіндіріп, қонақүйге орналастырылды. Сонымен елге ұшайын деп отырмыз. Осы жігіттердің арқасында. Рақмет. Консулдық адамдарына.
Гүлзахира Батырханқызы, турист:
- Дубайға ұшып келген қазақпыз. Бізге жәрдем беріп жатыр. 1-2 күнге қалып қойған қазақстандықтарды Оман арқылы елге жеткізіп жатыр.
Жалпы әмірліктерде әуе кеңістігі әлі толық ашылған жоқ. Тек арнайы рейстер қарастырылып отыр. Тұрақты әуе қатынасына рұқсат берілмеген.
Рауан Мыңбай
Тегтер #Иранмен соғыс #араб әмірліктері #эвакуация #Қазақстан азаматтары #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz