RU
Толық нұсқаға өту

Таяу Шығыста жағдай қауіпті болып барады

04.03.2026, 09:14 43

Иран Израиль аумағын баллистикалық зымырандармен атып жатыр. 

Ал Израиль Иранның әскери және ядролық нысандарын бомбалаушы ұшақтармен шабуылдады. Екі тарап та аянып жатқан жоқ. Осы тұста АҚШ әскерінің де қарқыны күшейді. Тіпті Ақ үй әскери операциялар үшін секундына шамамен 4,5 мың доллар қаражат жұмсап жатыр деген есеп бар. 

Бір тәуліктің өзінде Пентагон шамамен 110 миллиард теңгеге шығындалады. Алайда бұған алаңдап отырған Трамп жоқ. Ол өзінің әлеуметтік желісінде «қару-жарақ жеткілікті, сондықтан соғыс жалғасады» деп жазды. 

Бұл соғыста Израиль АҚШ-пен бірлесе әрекет етіп жатқаны белгілі. Былтыр АҚШ Израильге 21,7 миллиард доллар көлемінде әскери көмек көрсеткен. Әрі Таяу Шығыстағы әскери күшін соғыс басталмай тұрып күшейтті. Қазір Израильмен бірлескен шабуылдары Ирандағы бірнеше нысанның күл-талқанын шығарды. Жойғыш-бомбалаушы ұшақтар, дрондар барлығы 20-дан астам әскери техника қолданылып жатыр. Соның ішінде құны 2 миллиард доллар тұратын B-2 бомбалаушы ұшағы бар. Бұл әлемдегі ең танымал «көрінбейтін» әскери технологиялардың бірі. Ұшақ радардан жасырына алады. Жоғары қауіпсіздікпен жау аумағына кіріп, нысанға дәл соққы береді. Былтыр Иранның ядролық нысандарына жасалған шабуыл кезінде де дәл осы ұшақ маңызды рөл атқарды. Сондай-ақ Пентагон камикадзе дрондарын қолданғанын мәлімдеді. Бұл Иранның «Шахед» дрондарының үлгісімен жасалған біржақты шабуылға арналған соғыс техникасы. Сондай-ақ F-35, F-18 жойғыш ұшақтары жаппай қолданылып жатыр. Жалпы бұл соғысқа АҚШ-тан 50 мың сарбаз, 200 ұшқыш тартылған.

Дональд Трамп бұл соғысты әуелде 4 күнге созылады деп  топшылыған. Кейін 4 апта, сосын одан да ұзаққа созылуы мүмкін екенін айтты. Егер жағдай ушығатын болса, Иранның техникасы мен қару-жарақ қоры таусылуы мүмкін дейді кей сарапшылар. Бұған қатысты Иранның генералы Бахман Каргар үн қатты. Ол: «Баллистикалық зымыран өндрісі тоқтаған жоқ, Тегаран қару-жарақ қоры тапшылығы сезілмейді», - деп мәлімдеді. Қазір Ирандағы 12 қала нысанаға алынған. Соның ішінде ел астанасы Тегеран, Тебриз, Сехенд, Сенендедж, Керманшех, Сарабле, Хомейн, Исфахан және тағы да басқа ірі қалаларға үздіксіз шабуыл жасалып жатыр. Ал Иран бір мезетте АҚШ-тың 9 елдегі әскери базаларына соққы берген. Тіпті Израиль мен Иран арасы 2362 шақырымды алып жатса да, осы аралықтан тойтарыс беру үшін 2000-2500 шақырымға жететін баллистикалық зымырандарын қолданып жатыр. Ал қысқа қашықтағы зымырандары 150-800 шақырымға дейін жетеді.

Таяу Шығыстағы аласапыран

Әскери әлеуеті жағынан Global Firepower рейтингінде Израиль 15-орын, ал Иран 16-орында тұр. Бұл екі жақтың қорғаныс әлеуеті шамалас екенін көрсетеді. Алайда әскер, техника, қаржы жағынан біраз айырмашылық бар. Ресми дерекке сүйенсек, Иранның әскер саны шамамен 610 мың, ал Израильдің тұрақты Қарулы күштерінде 170 мың сарбаз бар. Алайда соғыс кезінде қосымша 456 мың сарбаз жұмылдыра алады. Сондай-ақ қаржы жағынан да едәуір айырмашылық бар. Израиль жыл сайын қорғанысқа шамамен 30,5 млрд доллар жұмсайды, ал Иранның шығыны шамамен 15,45 млрд доллар. Бұл Израильге озық жүйелерді сатып алуға, зерттеулер мен жаңғырту бағдарламаларын үздіксіз жүргізуге мүмкіндік береді. Ал Иран санкциялар жағдайында ішкі өндіріс пен зымыран бағдарламаларын дамытуға басымдық берген.

Соғыс басталғалы Иранға 2 мыңнан астам соққы жасалды. АҚШ-тың орталық қолбасшылығы ирандық 17 әскери кеме мен қайықтың көзін жойғанын мәлімдеді. Ал Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы Үнді мұхитында орналасқан АҚШ-тың мина тасушы кемесіне соққы берген. Бұл 4 күннен бері Таяу Шығыста болып жатқан тартыс. Соғыс қашанға дейін жалғасады, ол жағы әзірге белгісіз.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz