Иран Түркияға қаратып тағы зымыран атты. Абырой болғанда, баллистикалық нысанды НАТО қорғаныс жүйесі қағып түсірді.
Зымыран қалдықтары Газиантеп қаласының маңына түскен. Адамдар зардап шеккен жоқ. Ғимараттарға да зақым келмеген. Жергілікті тұрғындар зымыран жойылған сәтте жойқын жарылыс дыбысын естіген. Қазір оқиға орнында полиция мен төтенше жағдай қызметі тексеру және тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Түркия билігі Иранды аймақтағы қауіпсіздікке нұқсан келтіретін әрекеттен бас тартып, жағдайды дипломатиялық жолмен шешуге шақырады. Еске сала кетейік, Иран өткен аптада тағы бір зымыран ұшырып, бөлшектері Түркияның Хатай провинциясына түскен еді. Алайда оны да НАТО-ның әуе қорғаныс жүйесі жойған.
Режеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:
- Иранға тағы да ескертеміз. Олар заңсыз әрекетін тыйып, мұндай қадамға бармау керек. Бірнеше күн бұрын да Түркияға бағытталған зымыран соққысынан кейін Тегеранға қатаң ескерту жасағанбыз. Олар соған қарамастан Түркиямен достық қарым-қатынасқа нұқсан келтіретін арандатушылық әрекетке қайта барып отыр. Сол себепті біз мән-жайды НАТО-дағы одақтастарымызбен және басқа елдермен талқылаймыз. Сондай-ақ қауіпсіздігімізді күшейту үшін қажетті қосымша шараларды қабылдаймыз.
Тегтер #Иран #Түркия #зымыранPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz