RU
Толық нұсқаға өту

Таяу Шығыс қара суға зар болып қалмай ма?

12.03.2026, 08:00 110

Дүние әлемтапырық. Бұлай кете берсе адам баласы тамақ қана емес, қара судың өзіне зар болып қалар түрі бар.

Таяу Шығыстағы ахуалға Халықаралық гуманитарлық ұйымдар осылай деп алаңдап отыр. Өйткені аймақта тек мұнай өңдеу зауыттары ғана емес, су тұщыландыру зауыттарына да шабуыл көп. Енді осы Парсы шығанағы елдері ауызсуға қаншалықты зәру? Халық шынымен ауызсусыз қалуы мүмкін бе, әлде тығырықтан шығар бір жол бар ма?

Иран БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін АҚШ пен Израильдің басқыншылық әрекетін тоқтатуға шақырды. Сондай-ақ Кешм аралындағы суды тұщыландыру зауытына соққысын қатаң айыптады. Тегеран бұл жағдайды «қасақана шабуыл» деп дейді. Өйткені осының салдарынан 30 ауылдың тұрғыны ауыз-сусыз қалған. Алайда АҚШ айыптауларды жоққа шығарды. 

Амир Саид Иравани, Иранның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі:

- АҚШ пен Израиль азаматтық нысандарға қасақана шабуыл жасап жатыр. Халықаралық заңды өрескел бұзып отыр. Алайда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі үнсіз. Бүгін басты нысана бұл– Иран. Ал ертең кез келген басқа мемлекетке шабуыл жасауы мүмкін. Халықаралық қауымдастық дәл қазір әрекет етуі керек. Иран халқына қарсы  қантөгісті тоқтату қажет.

Бірер күн бұрын Израиль әуе күштері Тегерандағы мұнай қоймаларын жаппай атқылаған соң, Иран аспанын қалың қара бұлт торлап, улы жаңбыр жауды. Сөйтіп зинды заттар ағып, суға қосылды. Енді мұның залалын жою үшін біраз уақыт қажет, - дейді мамандар. Онсыз да Тегеранда кейінгі 5 жылда құрғақшылық салдарынан су қоймаларындағы тіршілік нәрінің қоры едәуір азайған еді. Ендігісі онсызда күнделікті суға жарымай отырған халық үшін жығылғанға жұдырық болмақ.

Парсы шығанағының өзге елдерінің тұрғындары да соғыстан тіршілік нәрінсіз қаламыз ба деген уайыммен отыр қазір. Олардың бұлайша алаңдауына негіз бар. Өйткені тақауда Кувейтте дронның сынықтары тұщыландыру зауытына түсіп, өрт шықты. Сондай-ақ Иран әскері Біріккен Араб Әмірліктерінің Фуджейра қаласындағы электр станциясын атқылады. Ал бұл - әлемдегі ең ірі тұщыландыру зауыттарының бірін жарықпен қамтамасыз ететін стратегиялық нысанның бірі болатын. 

Мажед әл-Ансари, Қатар Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі

- Азаматтық нысандарға– соның ішінде суды тұщыландыру зауыттары мен су қоймаларын нысанаға алу - аймақ тұрғындары үшін, жалпы әлем үшін де өте үлкен қауіп саналады. Егер мұндай әрекеттер жалғаса берсе, мұның салдары гуманитарлық апатқа алып келеді.

Соғыс Таяу Шығысты ауыз сусыз қалдыруы мүмкін

Иә, Парсы шығанағы елдері мұнайдың үстінде отыр. Алайда бұл аймақта тұщы су тапшы. Әсіресе Сауд Арабиясы, Кувейт, Оман, Біріккен Араб Әмірліктерінде су мәселесі өткір тұр. Кейінгі жарты ғасырда мұнайдан түскен табысқа теңіз суын тұщыландыратын зауыттарды көптеп салды. Қазір бұл аймақта мұндай 450-дей нысан жұмыс істейді. Мәселен, Сауд Арабиясындағы Жубайль тұщыландыру зауыты Парсы шығанағы жағалауында орналасқан. Бұл нысан 500 шақырымға созылған құбыр арқылы Эр-Рияд халқының 90 пайызын сумен қамтып отыр. Ал Иран тарапынан бейсауат атылған ракеталар бұл нысандардың әрқайсысына айтарлықтай қауіп төндіріп тұр.

Зейн Суонсон, CSIS сарапшысы:

- Егер Таяу Шығыстағы шиеленіс ушыға берсе, онда су АҚШ пен Иран арасындағы соғыстың тағдырын шешетін геосаяси ресурсқа айналуы мүмкін. Тұщыландыру зауыттары жоғары технологиялық, әрі өте күрделі нысан саналады. Егер зақымданса, мұны қалпына келтіруге бірнеше апта қажет болуы мүмкін. Бірнеше тұщыландыру зауыты бір мезетте істен шықса, не болатынын елестетудің өзі қиын. Парсы шығанағы елдерін су дағдарысы жайлап, биліктегілер төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болады.

Айта кетейік, бұл Парсы шығанағы тарихындағы ауызсуға төніп тұрған алғашқы қауіп емес. 1991 жылы Ирак басшысы Саддам Хусейн Кувейтке басып кіргенде, шиеленіске АҚШ әскері араласпауы үшін мұнайды әдейілеп теңізге төгіп жіберген. Мұның салдарынан жергілікті халық тіршілік нәріне жарымай қалады. Сөйтіп күнделікті ауыз суды іргелес жатқан елдерден тасып ішуге мәжбүр болады.

Әйтсе де Женева конвенциясының келісімі бойынша, кез келген қарулы қақтығыс кезінде тіршілік көзі саналатын азаматтық нысандарға шабуыл жасауға тыйым салынады деп нақты бекітілген. Алайда іс жүзінде бұл қағиданы ешкім сақтамайтыны тағы бір мәрте дәлелін тапты.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz