АҚШ пен Израильдің Иранмен соғысы Еуроодақты да әбігерге салды. Кәрі құрлық әсіресе, Таяу Шығыстан мигранттар ағылып келуі мүмкін деп қауіптенеді.
Әзірге бұл жаққа Таяу Шығыстан бірлі-жарым болмаса, жаппай бет алған ел жоқ. Алайда ел ішінде үдере көшіп жүрген өзге жұрттар аз емес.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Брюссельдегі Еуропалық саясат орталығының сарапшылары Ирандағы қазіргі жағдай әзірге 2015 жылғы Сирия сценарийіне ұқсамайтынын айтады. Олардың есебінше, әдетте өңір ішінде ұзаққа созылған көші-қон үдерісінен кейін ғана босқындар Еуроодаққа ағылады.
Алайда Ливандағы жағдай күрделі. Өткен аптада Израильдің жаппай соққылары салдарынан шамамен 700 мың адам үйін тастап кетуге мәжбүр болған. Шабуыл «Хезболла» қарулы тобының зымыран және дрондармен атқылауына жауап ретінде жасалған. Қоныс аударғандардың тек 100 мыңы ғана мемлекет ұсынған орталықтарға орналастырылды. Қалғандары туыстарының үйін паналап жүр немесе көшеде түнеуге мәжбүр. Израильдің ондаған жыл бойы Ливан аумағына бірнеше рет басып кіргені белгілі. Соңғы рет осыған ұқсас оқиға 2024 жылы тіркелді. Десе де сарапшылардың айтуынша, мұндай ауқымды және ауыр соққылар бұрын-соңды болмаған.
Майкл Петро, уақытша баспана орталығының директоры:
- Биыл бізге 2024 жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп адам келіп жатыр. Ал оларды орналастыратын жер азайып барады. Сыйымдылығығы арттырылғанымен орын жетпей жатыр.
Еуроодақ Таяу Шығыстағы шиеленістен ең көп зардап шеккен елдердің бірі ретінде Ливанға қосымша гуманитарлық көмек бөлетінін мәлімдеді. Еурокомиссия басшысының айтуынша, бұл мақсатқа 100 миллион еуро қарастырылған. Ливанға қазірдің өзінде 40 тонна гуманитарлық жүк жеткізілді. Ал алдағы уақытта тағы да қосымша көмек жөнелтілмек.
Урсула фон дер Ляйен, Еурокомиссия төрағасы:
- Біз өңірлік дағдарыстың Ливанға және бейбіт тұрғындарға қалай әсер етіп жатқанына, соның салдарынан халықтың жаппай қоныс аудару қаупіне аса алаңдаулымыз. Сондықтан Еуроодақ шамамен 130 мың адамға көмек көрсету үшін еуропалық шұғыл гуманитарлық көмек қорының резервтерін іске қосып отыр.
Еуропа қақтығыстың гуманитарлық салдарын жақсы түсінеді. Кейбір елдер Ираннан бас сауғалап келген босқындарды қорғау тетіктерін кеңейтіп үлгерді. Мәселен, Франция бұған дейін баспана іздеген ирандықтарға гуманитарлық виза санын арттыратынын жариялады. БҰҰ дерегі бойынша, қазірге дейін Иранда сыртқа емес, ел ішінде уақытша қоныс аударғандар саны 3,2 миллион адамға жеткен.
Авторлары: Ғалымжан Қараманұлы
Тегтер #АҚШ #Израиль #мигранттар #қауіп
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz