RU
Толық нұсқаға өту

Әмірлікке әуе соққылары жиіледі

13.03.2026, 09:51 140

Әлем үшін қауіпсіз шаһар, сән мен салтанаттың орталығы болған Дубайдың да қазір сыны қашты. Көк тіреген зәулім ғимараттар нысанаға айналды. 

Кеше ғана екі көпқабатты кешенге соққы тиіп, тұрғындар түн ортасында далаға қашты. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. 

Рауан Мыңбай, тілші:

- Дубай – нарығы жоғары мүліктер мен құнды акциялар мекені. Қаржылық әлеуеті жоғары. Таяу Шығыста шоқтығы биік деуге келеді. Алайда кейінгі күндері әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаларға қарағанда, жұрт алып шаһардан жаппай көшіп жатқан тәрізді. Алайда дәл қазір қашатындай ештеңе жоқ. Тек туристер аз демесеңіз, ел азаматтары қалыпты тыныс-тіршілігіне оралған. Аспанда дрондар ерсілі-қарсылы ұшып, зымырандар зуылдап жатқанымен әуе қорғаныс жүйесі басым бөлігін мүлт жібермейді. Дегенмен сынықтары біраз дүние-мүлікке зақым келтіріп үлгерді.

Соғыс басталғалы Иран ең көп соққыны Әмірлік аумағына жасағаны белгілі. Оның саны іргедегі Қатар, Кувейт, Сауд Арабиясынан да көп. Бұған бірнеше себеп бар. Әуелі екі ел бір-біріне жақын. Араны шамамен 100 шақырым су айдыны бөліп тұр. Екіншіден, Дубай мен Абу-Дабидің ғаламдық экономикаға тікелей ықпалы орасан. Сол себепті мұндай қалаларға әуе соққыларының жиілеуі белгілі бір деңгейде әскери тактика болуы мүмкін. Мамандар Тегеранның бұл әрекетін қарсы тарапты экономикалық қысымға ұшыратып, шегінуге мәжбүр ететін қадам деп топшылайды. 

Қазір ел үкіметі көпшілік іс-шаралар мен саммит, көрмелер уақытын кейінге шегерді. Қауіпсіздік мақсатында әлеуметтік желіге соғыс жайлы контент жариялауға тыйым салды. Осы арқылы биліктегілер ішкі тұрақтылыққа кері әсер ететін кез келген жағдайға тосқауыл болмақ. Дегенмен соғыстың алғашқы онкүндігінде әмірліктегі АҚШ базаларына жасалған әуе соққысынан алты адам қаза тапты, 100-ден астамы жараланды. Тағы екі әскери қызметкер жауынгерлік борышын өтеу кезінде опат болды. 

Авторы: Рауан Мыңбай

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz