RU
Толық нұсқаға өту

Парижде дауыс берушілер белсенді

15.03.2026, 19:45 51

Францияда да отандастарымыз Жаңа Конституция бойынша референдумға белсенді қатысып жатыр. Париж уақытымен сағат 15:00-де тіркелген қатысушылардың 30%-дан астамы өз таңдауын жасап үлгерді.

№410 дауыс беру учаскесі Елисей аланың қасында, Қазақстанның Франциядағы консулдығының ғимаратында орналасқан. Ел үшін маңызды саяси іс-шара қалай өтіп жатыр? 

Айдана Айтбекқызы, тілші:

- Парижде орналасқан №410 референдум учаскесі Франция аумағындағы жалғыз дауыс беру учаскесі болып саналады. Таңғы жетіде ашылғаннан бері азаматтарымыздың белсенділігі жоғары. Келгендердің негізгі легі түске таман байқалды. Әсіресе студенттер мен магистранттар көп. Францияда шамамен 700-ге жуық қазақстандық білім алады. Олардың арасында жуырда ғана кәмелет жасына толып, биыл алғаш рет дауыс беріп жатқан жастар да бар. Сондай-ақ дипломаттар мен Париж және оған жақын қалаларда тұратын қазақстандықтар да белсенді. Әлемдегі ең танымал туристік бағыт саналатын шаһарда саяхатшыларымыз да аз емес, олар да дауыс беру учаскесіне келіп өз таңдауын жасап жатыр.

Әлен Нұрбек, студент:

- Шымкент қаласында 2006 жылы дүниеге келдім. Сол жақта мектебімді тәмамдап, Париж қаласына оқуға түсуге шешім қабылдадым. Менің ойымша, әрбір кәмелеттік жасқа толған азаматтың ол – отандық борышы, отан алдындағы жауапкершілігі. Сондықтан да мен кәмелеттік жасқа толғалы бері бірінші рет дауыс беріп тұрмын.

Шолпан Жаңғалиева, турист:

- Біз жолдасым екеуміз қазіргі таңда Франция еліне турист ретінде саяхаттап келген болатынбыз. Елімізде осындай іс-шара болып жатқаннан кейін Францияда орналасқан Консульдыққа келіп, өз дауысымызды беруді жөн санадық. Қазақ елінде алдағы кезде жақсы жаңалықтар болады деп сенеміз.

Париж уақытымен 15:00-дегі ақпарат бойынша осында тіркелген қатысушылардың 40%-дан астамы дауыс беріп үлгерді. Жалпы тізімде 200-ден астам адам бар. Алайда алдын ала тіркелмегенімен, арнайы келіп дауыс беруге ниет білдірген азаматтар да бар. Учаскеде халықаралық байқаушы жұмыс істейді. Дауыс беру учаскесі жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-ге дейін, яғни Қазақстан уақытымен түнгі 00:00-ге дейін ашық болады.

Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz