RU
Толық нұсқаға өту

Дрон - қазіргі заманның стратегиялық қаруы

16.03.2026, 07:26 46

Әлемде дрондар соғысып жатыр. Қазір әскер құны әлдеқайда қымбат зымырандардан гөрі ұшқышсыз құралдарға жүгінеді. Қазір Таяу Шығыстағы қақтығыстардағы басты қару да осы. Иранда қарудың бұл түрі көп өндіріледі. Ислам мемлекеті тіпті дрон өндірісінде әлем бойынша алғашқы ондыққа кіреді. Таяу Шығыстағы қақтығыс басталғалы бері Иран АҚШ, Израиль және Таяу Шығыстағы елдерге 2 мыңнан астам дрон жіберген. 

АҚШ пен Израильдің шабуылына қарсы іс-қимылда Иран ұшқышсыз басқарылатын аппараттарға басымдық беріп жатыр. Оның ішінде «Шахед» дрондарын ерекше атап өтуге болады. 

Екатерина Бондарь, CSIS аға қызметкері: 

- Ирандағы қақтығыс кезінде Ислам мемлекетінің шабуылдарға қарсы күресі дрондар жай ғана көмекші жүйелер еместігін айқын көрсетті. Ұшқышсыз басқарылатын аппараттар қазір әуе шабуылдарының негізгі құралына айналғанын байқаймыз. Олардың үлкен қысымға төтеп беру қабілеті қарсылас тарапқа экономикалық және психологиялық тұрғыдан әсері зор. Ал қуатты зымырандарды таңдаулы нысандарға ғана қолдануға мүмкіндік береді.

Иран дрондарды Құрама Штаттардың Парсы шығанағындағы одақтастарына қысым көрсетудің негізгі құралы ретінде пайдаланып отыр. Нысанаға ең көп ілінген мемлекет – Біріккен Араб Әмірліктері. 
Бұл елге 1-8 наурыз аралығында жалпы саны 1668 соққы жасалса, оның 1422-сі, яғни, 85% дрон арқылы жасалды. Бұдан өзге Бахрейн, Сауд Арабиясы, Оманға да Ислам мемлекеті зымыраннан гөрі, көбінесе, ұшқышсыз басқарылатын аппараттар бағыттауды жөн көрген. 

Дроннан қорғану шығынға батырады

Біріккен Араб Әмірліктері қорғаныс министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Таяу Шығыстағы қақтығыс басталғалы бері мемлекет Иран жіберген 1600 дрон, 294 баллистикалық зымыран және 5 қанатты зымыранды қағып түсірген. 

Осылайша Араб Әмірліктері әуе шабуылдарына қарсы қорғаныс қорларының сарқылу қаупіне тап болды. АҚШ пен оның Таяу Шығыстағы одақтастары ирандық дрондармен күресеміз деп қып-қызыл шығынға ұшырап отыр. Өйткені дронды әуеге көтеріп, нысанаға бағыттаудан гөрі, оны жерге қағып түсіру әлдеқайда қымбат. «Шахед» аппараты шамамен 20-50 доллар тұрады. Ал оған тойтарыс беретін Patriot жүйесінен жасалған бір ғана оқ ату 3 млн доллардан асып түсуі мүмкін. Бұл The New York Times басылымының келтірген дерегі.

Келли Гриеко, Стимсон орталығының аға ғылыми қызметкері:

- Иранның ұшқышсыз басқарылатын аппараттарға жұмсайтын әр долларына Біріккен Араб Әмірліктері олардың көзін жою үшін 20-28 доллар шығындайды. Араб Әмірліктері жылдар бойы өндірілген дрондарға тойтарыс беретін жүйелердің басым бөлігін шабуыл басталған соң, алғашқы 48 сағат ішінде сарп етті. Сондықтан қорғаныс ресурстарын жұмсау жылдамдығы ерекше алаңдатып отыр.

Дәл осы «Шахед» дрондары және соның негізінде жасалған ұшқышсыз ұшақтарды Ресей Украинаға қарсы соғыста қолданады. «Рейтер» агенттігінің мәліметіне қарағанда, қазір украиндық өндірушілер дрондарды қағып түсіретін қорғаныс жүйелерді АҚШ және Таяу Шығысқа экспорттау мүмкіндігін қарастырып жатыр.

ЖИ соғысқа араласа бастады

Қазір жасанды интеллектінің өрісі күннен-күнге кеңейіп жатыр. Енді нейрожелі соғысқа араласа бастады. Дрондарға да жасанды сана белсенді енгізіліп жатыр. Қиын жағдайда тиімді әрекет етуге, алға қойған мақсаттарды ажыратуға көмектеседі. Ирандағы қақтығыс жасанды интеллектінің әскери салаға араласуының алғашқы ауқымды көрінісі. Дәл осы соғыс барысында АҚШ Anthropic, Claude деп аталатын жасанды сана модельдерін пайдаланған. Бұл технология нысананы анықтау, оны жою тізбегін, заңды мақұлдаулар мен соққы беру процесін жеделдетеді. Мәселен, Ислам мемлекетіне шабуыл басталған соң, не бары 12 сағат ішінде шамамен 900 нысанға соққы жасалды. Бірақ мұның өз қаупі бар. 

Дэвид Лэсли, Лондон университетінің этика, технологиялар және қоғам профессоры:

- Әскери стратегия мен технологиялардың жаңа кезеңі келіп жетті. Алайда жасанды интеллектіге тәуелділік жақсылыққа апармайды. Бұлай жалғаса берсе, соққы жасау туралы шешім қабылдаған әскерилер шабуыл салдарынан басын ала қашатын болады. Өйткені олардың ойынша, барлық жұмысты машина атқарғандықтан, жауапкершілік те жасанды санаға жүктеледі.

Заман бір орында тұрған жоқ. Уақыт өте дроннан қорғанудың жаңа тәсілдері пайда болып жатыр. Солардың бірі – микротолқынды жүйелер мен лазер. Мысалы, лазер арқылы дронның бағытын өзгертуге болады. Бұл, әрине, қыруар қаржыны қажет етпейді. «Дегенмен тиімділігіне де кепілдік жоқ» -дейді мамандар. 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz