Әлем бойынша ең соңғы болып АҚШ-тың Сан-Франциско қаласындағы референдум учаскесі өз жұмысын аяқтады. Ол Астана уақытымен таңғы 8.00-ге сай келді.
Сондай-ақ Солтүстік Америка құрлығындағы Оттава, Нью-Йорк, Вашингтон секілді өзге де қалалардағы елшіліктер мен консулдықтар отандастарымыздың азаматтық белсенділік танытуына жағдай жасады.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Жүз пайыз белсенділік, жүз жастағы қария, референдум қосқан тағдырлар. Батыс жарты шардағы дауыс беру учаскелері биыл өзінше бір ерекшеліктерімен есте қалды.
Астанада түстен кейінгі төрт болғанда Вашингтонда таң атып, Солтүстік Америка құрлығындағы алғашқы референдумдар учаскесі өз жұмысын бастады. «Болашақ» бағдарламасымен оқып, тағылымдамадан өтіп жатқан студенттер мен ғалымдар, АҚШ пен Канададағы қызмет етіп жүрген жерлестеріміз бәрі келіп жатты.
Ал Алматы консерваториясының негізін қалаған 100 жастағы қария Арнольд Гринфельдтің үйіне Нью-Йорктегі бас консулдық мамандары өздері барып, құрмет көрсетіп, даусын алып қайтты. Соңғы тәулікте жазып алынған сұхбаттарымыздан топтама көрсетсек.
Амина Мырзабек, дауыс беруші:
- Өз азаматтық парызымызды орындап, даусымызды беру үшін келіп отырмыз. Айта кетсек, былтыр осы консулдықта некемізді қидырып, оның алдындағы сайлауда 2022 жылы жігітіммен танысқанмын. Сол үшін осы жердің мен үшін, отбасым үшін символы бар деп санаймын.
Аружан Тәжіғалиева, дауыс беруші:
- Мен Канаданың астанасы Оттавадағы Алгонкин колледжінің 3-курсында оқып жатырмын. Және де бүгінгі референдумға өз дауысымды беруге, азаматтық құқығымды орындауға келдім. Бүгінгі күн біздің еліміз үшін өте маңызды күн деп ойлаймын. Өзіміздің пікірімізді білдіру, дауыс беру, еліміздің дамуына үлес қосу әр азаматтың борышы деп есептеймін.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Астана уақытымен таңғы бес болғанда Нью-Йорк, Вашингтон, Оттава қалаларындағы учаскелер өз жұмысын аяқтады. Ал соңғы болып, Астана уақытымен таңғы сегізде Кремний алқабындағы Сан-Франциско қаласы референдумды тәмамдады.
НАЗИРА НҰРБАЕВА, ҚР Сан-Франциско қаласындағы Бас консулы:
- Уақыт белдеулерінің айырмашылығына байланысты ҚР Сан-Франциско қаласындағы 472-сайлау учаскесі ең соңғы болып жұмысын аяқтады. Отандастарымыз еліміздің болашағына қатысты маңызды шешім қабылдау процесіне белсенді қатысты. Сан-Франциско қаласының тұрғындарынан басқа Девис, Сан-Хосе, Монтерей секілді қалаларда тұратын азаматтарымыз дауыс берді.
Нұрлан Ғабдыжамалов, Канададағы референдум учаскесінің өкілі:
- Оттавадағы №443 референдум учаскесі жергілікті уақытпен кешкі сағат 20.00-де жұмысын аяқтады. Азаматтарымыз белсенділік танытты. Әсіресе бүгін алғаш рет дауыс берген 18 жасқа енді толған жастардың келуі қуантты. Қарлы боранға қарамастан, Канаданың әр өңірінен арнайы келіп, дауыс берген отандастарымыз да көп болды. Бұл - ел болашағына деген жауапкершіліктің айқын көрінісі. Сол үшін баршаға алғысымыз шексіз.
Осылайша Солтүстік Америкадағы референдум кезеңі де толық аяқталды. АҚШ пен Канададағы учаскелердегі комиссия мүшелері қорытынды құжаттарды рәсімдеу жұмысына кірісіп кетті.
Ердана Ержанұлы, Эндрю Фанг
Тегтер #референдум 2026 #учаске #елшілер #консулдық #АҚШ #Канада #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz