Ирандағы соғыс сан ғасыр сақталып, адам баласының ортақ мұрасына айналған тарихи ескерткіштерді күл-талқан етті. Құзырлы министрліктің мәліметтеріне сүйенсек, қақтығыстың алғашқы екі аптасында бас-аяғы 60-қа жуық мұражай мен мәдени орын қирған. Әсіресе ел астанасы Тегеран қаласы қатты зиян шекті. Мұнда 19 мәдени мұра нысаны бүлінді. Оның қатарында ЮНЕСКО тізіміне енген он ғасырлық тарихы бар Гүлстан сарайы бар.
Иранда мәдени мұра нысандары зақымдалды
Иран мұнай мен пайдалы қазбаларға ғана емес, мәдениеті мен тарихы да бай мемлекет. Ол ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра нысандарының көптеп шоғырлануы бойынша әлемдегі алғашқы он елдің қатарына енген. Алайда соғыс басталғалы тарихи ескерткіштердің біршамасы зақымдалған. Тегерандағы әйгілі Гүлстан сарайы әуе соққыларының салдарынан ішінара бүлінді. Бұған дейін айнамен көмкерілген тақ залы мен музей экспонаттары сақтау бөліміне көшірілді. Гүлстан сарайы – Тегеран қаласындағы ең көне сәулет кешендерінің бірі. Ол 1779 жылы билікке келіп, Тегеранды астана еткен Қаджарлар әулетінің резиденциясы болған.
Лазар Элунду Ассомо, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра орталығының директоры:
- ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мәдени мұра нысандарына соғыстың тигізіп жатқан залалы үшін алаңдаулы. Гүлстан сарайы әлемдегі әйгілі мәдени орындардың бірі. Ол 19 ғасырдағы Иран өркениетінің ұлылығын көрсетеді. Құрылысы мен безендірілуі көздің жауын алады. Біз оны, тіпті, Франциядағы Версаль сарайымен салыстырамыз
Исфахан қаласында ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған Чехель-сотун сарайы да бүлінді. Оған көршілес орналасқан үкіметтік ғимаратқа шабуыл жасалған кезде зақым келген. Бұдан өзге осы қаладағы Жами мешіті, Али-Капу сарайы, сондай--ақ Хорремабад аңғарында көне тарихи ескерткіштер маңындағы ғимараттар қирады.
Лазар ЭлундуАссомо, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра орталығының директоры:
- Әзірге, нысандардың нақты қандай мөлшерде зиян шеккенін білмейміз. ЮНЕСКО ұйымы барлық тарапқа географиялық координаттарды тапсырды. Әркім Бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енген нысандарға шабуыл жасауға болмайтынын білуге тиіс.
Иранда ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген 29 нысан орналасқан. Оның 27-сі мәдени мұра болса, екеуі - табиғи нысан. Біріккен Ұлттар ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, Таяу Шығыстағы қақтығыстың өршуіне байланысты тәуекел аймағында 18 мемлекет бар. Демек олардың аумағындағы 125 табиғи және мәдени мұра нысандарына да қауіп төніп тұр.
ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұралар тізімі:
Иран - 29 нысан;
27 – мәдени мұра;
2 – табиғи нысан;
Таяу Шығыс
18 мемлекет тәуекел аймағында;
125 табиғи және мәдени мұра.
Иранда 60 мыңға жуық азаматтық нысан бүлінді
Әуел баста АҚШ пен Израиль Иранның әскери маңызы бар нысандарына соққы жасауды мақсат тұтқан еді. Алайда Ислам мемлекетінің үкіметі хабарлағандай, шабуыл салдарынан елдегі 60 мыңнан астам азаматтық нысан зақымдалды. Олардың 18 мыңға жуығы - Тегеранда. Бүлінген ғимараттардың арасында тұрғын үй, мектеп, ауруханалар бар. Ал тараптар болса, келісімге келуге асықпайды. АҚШ Таяу Шығыстағы одақтастардың әскери операцияны тоқтату туралы диалогты бастау бойынша ұсынысынан бас тартты. Израиль да райынан қайтар емес. Ирандағы әлі де мыңдаған нысанға шабуылдауды көздеп отырғанын жеткізді.
Саид Хоссейни, Тегеран тұрғыны:
- Соғысты жүргізіп отырғандардың халықты қорқытып, тыныштығын бұзудан басқа ешқандай мақсаты жоқ. Мұнда бірнеше жылдан бері тұрамыз. Бұл үйде бірде-бір әскери қызметкер жоқ. Барлық пәтер қатардағы азаматтарға тиесілі.
ЮНЕСКО нысандарын бүлдіру – әскери қылмыс
Сұрапыл соғыстың кесірінен мәдени мұрасының едәуір бөлігін жоғалтқан бірден-бір мемлекет – Сирия. 2011 жылы басталған азаматтық соғыс әлемдегі ең көне тарихы бар елдің мыңдаған жылдар бойы сақталып келген тарихи ескерткіштеріне зақым келтірді. 2015 жылы ежелгі Пальмира қаласында қарулы топтар бірнеше ғибадатхана мен мұнаралы кесенелерді қиратты.
Сарапшылар мұны Сирияға ғана емес, күллі әлем мәдениетіне жасалған ең ауыр соққылардың бірі деп атады. Сондай-ақ ЮНЕСКО тізіміне енген Алеппо қаласы да айтарлықтай бүлінді. Шаһардың шамамен 60 пайызы зақымданып, 30 пайызы түгелдей қираған. Қалпына келтіру жұмыстары ондаған жылдарға созылуы мүмкін. Бүгінде халықаралық ұйымдар сақталып қалған мәдени мұраны қорғауды жалғастырып келеді.
Тегтер #Иран #мұра #тарихи ескерткіш #ЮНЕСКО
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz