RU
Толық нұсқаға өту

Түркияда қауіпсіздік шаралары күшейтілді

21.03.2026, 10:33 42

Түркияда тұрғындар ораза айт мерекесін тойлап жатыр.

Сауда орталықтары мен демалыс орындарына ағылған халықтың қарасы көп. Қала көшелерінде қарбалас. Әсіресе автовокзал мен әуежайларда жолаушылар саны күрт артты. Елде мереге байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтілген.

Әсия Нұрлыбаева, тілші: 

- Ораза айт Түркияда айт намазынан басталады. Таңсәріден халық мешітке жиналып, бір-бірімен сәлемдесіп, амал-дұғаларын жасайды. Мұнан соң тұрғындар бір-біріне қонаққа барып, айттайды. Сол себепті қала көшелерінде көлік нөпірі артқан, сауда орталықтары мен демалыс орындарында серуендеп жүрген адам қарасы көп. Көпшілік бұл күнді жақындарымен бірге өткізу үшін сапарға шығады. Содан болар автовокзал мен әуежайларда жолаушылар саны күрт көбейген. Осыған байланысты елде қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Анкарада қоғамдық тәртіпті сақтау үшін 24 мыңға жуық полиция және жандармерия қызметкері жұмылдырылған. Қала бойынша патрульдік бақылау күшейтіліп, жағдай әуеден де қадағаланып отыр.

Васип Шахин, Анкара губернаторы:

- Мереке күндері барлық қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Азаматтардың тыныштығы – басты назарда. Әсіресе теміржол вокзалы, әуежай сияқты халық көп жүретін орындарда жандарм және полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Қазір Түркияның бірнеше аймағында күн суытып, жауын-шашын болады деген болжам бар. Анкарада да мереке қарсаңында ауа райы қолайсыз болып тұр. Соған қарамастан тұрғындар мерекені көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алып жатыр. Қала тұрғындарының айтуынша, биылғы ораза айт ерекше атмосферада өтіп жатыр.

БЛИЦ

- Негізі ораза айт жақсы өтіп жатыр. Бірақ қымбатшылық қос өкпеден қысып тұр. Ағайынға айттап бару үшін де қалтаңда қаражатың болу керек.

- Ораза айт түріктер үшін ең маңызды мереке. Барлық мерекеде туыстарымызды аралап, қонаққа барамыз. Әсіресе, ренжіскендер татуласады.

- Жаңбыр жауғаны болмаса бәрі жақсы өтіп жатыр. Мысалы, мен бұл жақта 3 жыл оқимын. Сол 3 жылда әр сол ораза, мерекелер болған сайын дүкендер жабылады.. сондай айырмашылық байқадым.

- Бұрындары адамдар бір-бірімен жиі кездесіп, бас қосатын. Қазір технологияның арқасында телефонмен сөйлесіп, бір-бірімізді құттықтаймыз. Осы айтта қазіргі геосаяси ахуал салдарынан бір-бірімен келісе алмаған елдер бейбітшілікке ұмтылса екен…

Әдетте Түркияда ораза айт мерекесінде  қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Әсіресе Анкара, Ыстамбұл сияқты ірі қалаларда полиция мен жандарм қызметкерлері қоғамдық тәртіпті бақылауда ұстап, тұрғындардың мерекені қауіпсіз өткізулерін қамтамасыз етеді.

Әсия Нұрлыбаева

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz