Оңтүстік Кореядағы қазақтар биыл Наурыз мейрамын бірнеше қалада тойлап жатыр. Бұл елдегі қазақ диаспорасының белсенділігімен байланысты.
Жақында отандастарымыз Сеул мен Инчхон қалаларында ұлттық мәдени орталық пен мейрамхана ашты.
Инчхондағы қазақ мейрамханасында Наурыз құрметіне орай «Ашық есік» күні өтті. Кез келген адам қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татты. Ас мәзірін Қазақстаннан келген аспазшы дайындады.
Бүгін бізде бірінші тағамымыз – Наурыз көже. Наурыз көже таратамыз. Наурыз көжеден кейін тапсырыс бойынша бесбармақ, қой, сиыр етінен қуырдақ жасаймыз.
Қонақтарға наурыз көже ұсынылып, бұл астың мәні түсіндірілді. Инчхон тұрғындарын көктем мерекесімен таныстыруды мейрамхана иесі Арайлым Алдажарова ұйғарған.
Арайлым Алдажарова, қазақ мейрамханасының директоры:
- Бізде үлкен той, Жаңа жылымыз, күн мен түн теңескен күн деп белгіленген. Аталарымыз табиғатқа өте жақын болған. Содан кейін енді күн мен түн, ай, жұлдыздарды бәрін сезіп, көріп, біліп, отыратын аталарымыздың сол бұрынғы тарихы ғой енді. Оңтүстік Кореяға Қазақстанның жылуын, кең пейілді қонақжайлығын көрсеткіміз келді.
Оңтүстік Кореяның үшінші ірі шаһары Инчхонда бірнеше мың қазақ тұрады. Биыл мұнда қазақ мейрамханасы ашылғандықтан, отандастарымыз Наурызды алғаш рет бірге тойлады. Мегаполис тұрғындарына көршілес Сеул мен Ансан қалаларынан келген диаспора өкілдері де қосылды. Қонақтар шағын мерекелік концерт дайындады.
Мерекенің тізгінін Гаухар Сенбиева ұстады. Театр актрисасы Кореяға Көкшетаудан осыдан 5 жыл бұрын келген. Бойжеткеннің шешендік өнерін байқаған отандастары оны мерейтойлар мен үйлену тойларына шақыра бастаған.
Гаухар Сенбі, мерекелік іс-шараны ұйымдастырушы:
- Оңтүстік Кореяда ауызбіршілік өте жақсы және де осы Оңтүстік Кореяда тіптен кейде Кореяда жүргенің сезілмейді. Өйткені Қазақстандағыдай осы жерде де өзіміздің тойларымыз, жиын-мерекелеріміз өте көп. Жиі-жиі отандастарымызбен бас қосып тұрамыз. Жалпы Кореяда Наурыз мейрамы келген кезде міндетті түрде үйде, әрине, ең бірінші ол ұлттық асымыз Наурыз көжені дайындаймын. Кейін өзімнің қаламда тұратын отандастарымызбен бірге осы Наурызды бірге атап өтеміз. Бір-біріміздің үйімізге ертегідей, Наурыз көжеге барамыз. Оның алдында көрісу дәстүрін жасаймыз.
Қонақтардың айтуынша, олар Ұлыстың ұлы күні бірге бас қосып, бір-бірімен жақынырақ танысып, балаларына қазақтың салт-дәстүрін көрсету үшін келген. Себебі көбі көпұлтты ортада өсіп келеді. Оның үстіне кейбірі туған жерде бірнеше жыл болмағандықтан Наурыз елге деген сағынышын басып, бойға ұлттық құндылықтарды сіңіріп, рухани күш беретін мейрамға айналған.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян
Тегтер #Наурыз мейрамы #Инчхон #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz