Өзбек халқы әз-Наурызды кең көлемде тойлап жатыр.
Әсіресе ел астанасы Ташкент қаласында мерекенің көркі қызды. Шаһардағы саябақтарда ұлттық тағамдар пісіріліп, сумаляк асы таратылды. Ташкенттегі наурызды тамашалауға жан-жақтан арнайы келген туристер де көп.
Биыл ала шапанды ағайын шығыстың жаңа жылына тыңғылықты дайындалды. Жалпыреспубликалық асар ұйымдастырылып, ауыл аймақ, қала көшелері күл қоқыстан тазартылды. Ташкенттегі наурыз паркінде адам қарасы қалың. Ұлттық тағамдар әзірленіп, спорттық сайыстар өтіп жатыр. Наурыз мерекесінде қазақ мәдени орталығының қызметкерлері де киіз үй тігіп, жаңа жылды қарсы алды.
Бақтияр Темірбеков, Ташкент қалалық қазақ мәдени орталығының төрағасы:
- Бұл керемет мереке. Аспанымыз ашық болсын. Бауырлас елдер арасында достық нығая берсін.
Наурыз жыл басы әрі мейірімділік пен жақсылықтың нышаны. Өзбек халқы Наурызға сумаляк асын дайындайды. Бір тәулік бойы қайнатылады.
БЛИЦ
- Келіп жеткен наурыз мерекесімен Қазақстан Республикасын, өзбек халқын шын жүректен құттықтаймын. Жылдан жылға аман есен жете берейік. Бастысы, тыныш заман болсын.
- Наурыз мейрамын тойлауға немерелерімді ертіп Ташкентке келдік. Өзім Ферғанадан боламын. Жаңа жылда айтар тілек көп. Бастысы, бейбіт заман болсын. Елімізді тіл-көзден сақтап, той думан жалғассын.
- Барлық өзбек халқын Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Аспанымыз ашық, көрші мемлекеттермен достығымыз мәңгі болсын.
Ұлыс күнінде қауіпсіздікке аса мән берілген. Ел бойынша 20 мыңнан астам құқық қорғау қызметкері тәртіпті қадағалауға жұмылдырылды.
Дулат Нуркин
Тегтер #Өзбекстан #Наурыз мерекесі #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz