RU
Толық нұсқаға өту

Сеулде Көшпенділер фестивалі өтті

25.03.2026, 20:00 41

Оңтүстік Кореяда екінші Көшпенділер фестивалі аяқталды.

Сеул тұрғындары асық ату мен тоғызқұмалақты меңгеріп, өзара сайыс көркін қыздырды. Қала архивінің конференц-залы ЮНЕСКО-ның әлемдік мұрасына енген - ежелгі дала стратегиясының аренасына айналды.

Кореяның стратегиялық ойындар федерациясының бас хатшысы Пэ До Хон сеулдіктерге бес асық ойынының ережелерін түсіндіруде. Ол бұл ойынмен Астанада өткен Көшпенділердің әлемдік біріншілігінде танысқан. Алайда оңтүстік кореялықтар алғаш меңгере бастаған қазақтың спорт түрі тоғызқұмалақ болды. Пэ До Хон оны насихаттаумен 2019 жылдан бері айналысып келеді. Жақында ол Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті болып сайланды. Бүгінде бүкіл ел бойынша бұл ойынның жүздеген жанкүйері бар.

О Сан Хи, Корея тоғызқұмалақ федерациясының президенті:

- Бастапқыда небәрі бес адам болсақ, бүгінде тоғызқұмалақ ойнаушылардың саны екі жүзден асты. Біз он екі ұйыммен - кітапханалармен және балалар орталықтарымен меморандумға қол қойдық. Енді ол жерлерде бұл ойын ресми түрде оқытылатын болады. 

Фестиваль аясында тәжірибелі шеберлер жаңа бастағандарға мастер-кластар өткізді. Сондай-ақ болашақ төрешілер мен нұсқаушыларға арналған курстар ұйымдастырылды. Ю Мун Хи тоғызқұмалақпен өткен жылдың мамыр айынан бастап айналысады, қазір ол өз шәкірттерін де үйретіп жүр.

Ю Мун Хи, фестивальге қатысушы:

- Мен ешқашан үстел ойындарына қызыққан емеспін, бірақ тоғызқұмалақ мені баурап алды. Қазір мен өзім жетекшілік ететін білім беру орталығының оқушыларымен бірге осы ойынды үйреніп жатырмын. Өткен жылы тіпті Чехиядағы әлем чемпионатына барып қайттым. Жүлделі орын алмасам да, енді Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жеңіске жетуге бекініп отырмын.

Фестиваль қорытындысы бойынша Оңтүстік Кореяның ұлттық құрамасы жасақталды. Тамыз айының соңында спортшылар Қырғызстанда өтетін Алтыншы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғайды.

Владислав Цой, Ольга Лян

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz