RU
Толық нұсқаға өту

Әлем интернетсіз қалуы мүмкін бе?

27.03.2026, 08:13 67

Қазірде Балтық теңізі, Жерорта, Солтүстік теңіз, Ормуз бұғазы, Оман шығанағы, Оңтүстік Қытай теңізі және мұхиттардың түбінде алып кабельдер жатыр.

Жалпы ұзындығы 1 миллиард шақырымнан асатын 600 суасты сымы Атлант және Тынық мұхиттарын көктей өтеді. Сондай-ақ Суэц каналы сияқты стратегиялық маңызды өткелдер мен мұхиттағы оқшауланған аймақтарды байланыстырады. Әлем бойынша берілетін деректердің 97-99% - ын қамтамасыз етеді. Айшылық алыс жерлерден хабардың жылдам жетуі де осыдан. Бұл кабельдер секундына бірнеше терабит дерек тасиды. Соның арқасында күнделікті хат-хабар алмасудан бастап, жұмыс, қаржылық аударымдар мен цифрлық қызметтердің барлығы осы оптикалық талшықты түтіктер арқылы жұмыс істеп тұр. Қауіптісі, теңіз түбіндегі инфрақұрылым жеткілікті деңгейде қорғалмаған. Кез келген уақытта істен шығуы мүмкін. Жаңа кабельдерді төсеу бірнеше жылға созылатын жоба. Ұзақ уақытты талап етеді. Әрі қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету физикалық тұрғыдан мүмкін емес. Бұл жағдай жаһандық деңгейдегі цифрлық қараңғылыққа әкелуі ықтимал.   

ЦИТАТА

- Адамдар Wi-Fi сияқты жылдам хабар тарататын желілердің қызметіне үйренген. Алайда олардың жұмысын суасты кабельдер желісі қамтамасыз етеді. Бұл біздің негізгі цифрлық магистральдарымыз. Кейінгі 40 жыл ішінде желілердің өткізу қабілеті жыл сайын 40%-ға өсіп, іс жүзінде интернеттің қарқынды дамуына үлес қосты.

Томас Ламанаускас, халықаралық электр байланысы одағы бас хатшысының орынбасары 

Әлем интернетсіз қалуы мүмкін бе?

Ал әлемдік интернет трафиктің 30%-ы Қызыл теңіз бен Ормуз бұғазы арқылы өтетін су асты кабельдеріне тәуелді. Егер бұл байланыс желілері қиылатын болса, Азия мен Еуропа арасындағы ақпарат алмасу тоқтайды. Осыдан 2 жыл бұрын Йемендік Хуситтердің жүк кемелеріне жасаған шабуылы салдарынан Қызыл теңізде үш негізгі су асты байланыс желісі үзілді. Гонконгтың Global Communications компаниясының дерегі бойынша, сол кезде Азия-Африка-Еуропа-Үндістан арасындағы желілердің 25%-ы кесілген.

ЦИТАТА

- Иранның Парсы шығанағындағы суасты кабельдеріне зақым келтіруіне техникалық және географиялық жағынан қауқары жетеді. Негізгі магистральдық кабельдер Ормуз бұғазы арқылы өтеді. Мұнда ең тар жерлеріндегі тереңдік бар болғаны 60 метр. Яғни кабельдер таяз суда орналасқан.

ДЕРЕККӨЗ: BLOOMBERG

Ал Amazon, Microsoft, Google сынды технологиялық алпауыттар Парсы шығанағында жылдар бойы деректер орталығын салып келеді. Болашақта бұл өңір жасанды интеллект орталығына айналады деген үміті басым болды. Алайда бұл нысандардың үздіксіз жұмыс істеуі үшін де теңіз түбінде жатқан желілер үзілмеуге тиіс.  

Жыл сайын 150-ден астам кабель әртүрлі себеппен істен шығады. Оған жер сілкінісі, суасты көшкіндері, жанартау атқылауы сияқты табиғи құбылыстар әсер етеді. Алайда статистика көрсеткендей, оқиғалардың шамамен 80 пайызы адам әрекетінен болады. Теңізге тасталған зәкір, балық аулайтын траулерлер тағы да басқа. Қазір кабельдер жұмыс істеп тұр. Алайда АҚШ, Израиль, Иран арасындағы текетірес қыза түсті. Сәйкесінше теңізге тасталған миналар, шабуылдар және жөндеу кемелерінің кептеліп қалуынан қауіп күшейді.

Иран бұл кабельдерді нысанаға ала ма, жоқ па ол жағы нақты белгісіз. Дегенмен, мұндай қауіптің бар екені анық. Өйткені оның зардабы ауыр шығындарға әкеледі. Тек телефон мен веб-сайттарға емес, банктер, қор биржалары, ауруханалар және жасанды интеллект жүйелері барлығы осы байланыс желілеріне тәуелді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz