Иран соғысы төрткүл дүниені алаңдатып қойды. Өйткені Тегеранның басына туған күн өзгеге тумасына кім кепіл?
Бұл соғыс кез келген уақытта әлемнің кез келген түкіпірінен қаңғыған оқ, қаңғыған дрон ұшып келетінін анық көрсетті. Соғыс ашуға да сылтау табылады. Сол себепті әркім өз іргесін бекемдеу үшін күшті қаруға ие болғысы келеді. Біраз ел тіпті дербес ядролық арсеналын жасақтау туралы ойлана бастады. Иран да жаппай қырып жою қаруын таратпау туралы шарттан шығуға ниетті.
Мұның соңы қайда апарады? Жаңа ядролық дәуірге алып келуі мүмкін бе? Сарапшылар не дейді?
АҚШ Сауд Арабиясының атомдық бағдарламасын дамытуға көмектеспек. Мұны өз дереккөздеріне сілтеме жасаған Блумберг басылымы жазды. Құрама Штаттар Эр-Риядқа атом электр стансасын салу мәселесін ғана емес, уран байыту және плутоний өңдеу технологиясын игеруге көмектеседі. Бұл арада «ядролық бағдарламасын дамытуға құқығы жоқ» деп, Иранға шабуыл жасаған АҚШ неге Сауд Арабиясымен атомдық салада әріптестік орнатпақ деген заңды сұрақ туады. Дәл осы сауал Конгресте Құрама Штаттардың қару-жарақты бақылау мәселесіне жауапты өкіліне қойылды. Томас Динанно: «Бұл келісім Сауд Арабиясының ядролық бағдарламасын сырттай бақылауға мүмкіндік береді», - деді. Ал америкалық сарапшылар мұны екіұшты саясат дейді.
Роберт Келлей, Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттіктің бұрынғы директоры:
- АҚШ-тың Иранды дәл осы әрекеті үшін бомбалап, Сауд Арабиясына сол мүмкіндікті беруі қисынсыз. Бұл – екіжүзділік қой.
Кейінгі кезде Иран ядролық қаруды таратпау туралы келісімнен шығатынын жиі айтып жүр. Таяуда мұндай мәлімдемені Ислам Республикасы парламенті комитетінің баспасөз хатшысы Эбрахим Резаи жасады. Оның айтуына қарағанда, бұл келісімнің ешқандай мәні жоқ. Ал Халықаралық атом энергитикасы жөніндегі агенттіктің дерегі бойынша, былтыр маусымда Ислам Республикасында 440 келі байытылған уран қоры сақтаулы болған. Мұны 90 пайызға дейін байытса, онда 12 атом бомбасын жасауға жетеді. Сауд Арабиясы Таяу Шығыста бір ел ядролық қаруға иелік еткен жағдайда Эр-Рияд та осындай қадамға баруға мәжбүр болатынын бірнеше рет мәлімдеген еді.
Қазір әлемде 9 ел ядролық соққы жасау мүмкіндігіне ие. Десе де тағы 20-дан астамы атом энергетикасын бейбіт мақсатта пайдаланады. Мәселен, Аргентина, Бразилия, Германия, Жапония және Нидерланд секілді біраз елдің ғылыми-техникалық базасы дамыған. Яғни кез келген уақытта ядролық қаруға иелік етуге мүмкіндігі бар. Өйткені атом бомбасын жасауға қоры жеткілікті. «Бұған 8 келі плутоний немесе 90 пайызға дейін байытылған уранның 25 келісі болса, жетіп жатыр», - дейді сарапшылар.
Ханс Кристенсен, АҚШ ғалымдар федерациясы ядролық ақпарат бойынша жобаның директоры:
- 1945 жылы Хиросиманы қиратқан қарудың қуаты 15 килотонна болатын. Қазір бұл ең төмен ядролық заряд саналады. Алайда соның өзі тұтас бір қаланы жоқ қылды. Ал бүгінгі қарулардың қуаты бірнеше жүз килотоннаға жетеді. Олар жердің беті тұрмақ астындағысын да тып-типыл ете алады.
Жаңа ядролық дәуір басталуы мүмкін
Ядролық келісімге сай, АҚШ пен Ресей ядролық оқтұмсықтардың санын 1550-ге дейін, ал баллистикалық зымырандар санын 700-ге дейін азайтуы тиіс болған. Алайда бүгінде ядролық арсеналдары бар мемлекеттердің қарым-қатынасы нашарлап, қарусыздану үдерісі тоқтады. Мәселен, 1986 жылы әлемде 64 мыңнан аса ядролық оқтұмсық болған.
Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 9 жарым мыңға дейін азайған еді. Алайда кейінгі жылдары жаппай қырып жою қаруы бұрынғыдай екі державаның қолында ғана тұрған жоқ. Қазір дербес ядролық арсеналға ие елдердің қатары көбейген. Бұдан бөлек, атомдық бомбаны иеленуге ұмтылысын Польша, Германия, Түркия, Швеция, Оңтүстік Корея және Жапония да білдірді. Халықаралық атом энергиясы агенттігінің басшысы бұл жаһанда хаос тудыруы мүмкін деп санайды.
Рафаэль Гросси, Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттік басшысы:
- Бұрын «ешқашан ядролық қару жасамаймыз» деген елдердің өзінде бізге де атомдық бомба керек деген әңгіме ашық айтыла бастады. Ядролық қарусыз әлем құру – адамзаттың асыл мұраты. Сондықтан ядролық қаруды таратпау туралы келісімді сақтау бұрынғыдан да маңызды.
1945 жылы алғашқы атом бомбасы жарылды. Алайда адамзат сол нәубетті ұмытқан сыңайлы. «Өйткені арада 81 жыл өткеннен кейін адамзатқа тағы жаңа ядролық қауіп төніп тұр», - дейді сарапшылар.
Тегтер #Иран #соғыс #ядролық қаруPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz