RU
Толық нұсқаға өту

Әлемнің бірқатар елінде су тасып жатыр

30.03.2026, 16:20 44

Ресейдегі Солтүстік Кавказ аумағы кейінгі 100 жылда болмаған ауқымды су тасқынымен бетпе-бет келді.

Дағыстан мен Шешенстанда төтенше жағдай жарияланды. Үш мыңнан астам тұрғын эвакуацияланды. Ауғанстанда да жағдай мәз емес. Табиғаттың тосын мінезі тұтастай ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылымға зақым келтірді. Ал Кенияда тасқын 108 адамның өмірін жалмап үлгерді.

Дағыстанда еріген қар суы мен қатты жауын салдарынан тасқын жүріп жатыр. Махачкала қаласының кейбір аудандарында су деңгейі бір жарым метрге дейін жеткен. Тұрғын үйлер тұтастай су астында қалып, көлік қозғалысы шектелді. Демалыс күндері 300-ге жуық елді мекен электр қуатынан ажыратылды. Кавказ тауларынан аққан су бірнеше көпірді қиратты. Құтқарушылар тасқын салдарымен күресіп жатыр. Жергілікті тұрғындар да қарап отырмай, бір-біріне көмек қолын созуда. Ал көршілес Шешенстанда Гудермес ауданы ең көп зиян шекті. Мұнда бес жүздей тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді.

Ауғанстанда кейінгі бірнеше тәулікте су тасып, сел жүрді. Салдарынан 17 адам опат болды. Тағы 30-ға жуық тұрғын жарақат алды. Табиғи апат елдің батыс, орталық және солтүстік-батыс аймақтарындағы 13 провинцияны жайлады. Қатты жауын-шашын 147 үйді қиратып, шамамен 80 шақырым жолды бүлдіріп кетті. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, суару инфрақұрылымына және жергілікті бизнеске айтарлықтай зақым келтірді. 530-ға жуық отбасы зардап шекті. Синоптиктер елдің шығыс және орталық аймақтарында тағы да нөсер жауады деп ескертеді. Жалпы табиғи апаттар Ауғанстан үшін өзекті мәселе. 2024 жылы көктемгі тасқын 300-ден астам адамның өмірін қиған еді. 

Кенияда 6-шы наурызда басталған тасқын салдарынан қаза болғандар саны 108-ге жетті. Бұл туралы Кенияның Ұлттық полиция қызметі хабарлады. Табиғи апаттан Шығыс Африка елі айтарлықтай зиян шекті. Ондаған көлікті су шайып, әуе қатынасы бұзылды. Энергетикалық инфрақұрылым бүлінді. Өткен аптада 2700-ден астам отбасы үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Кейбір аудандарда жауын-шашынның қарқындылығы төмендегенімен, полиция құрғатқыш кәріздердің толып кетуіне байланысты су тасқыны қаупі сақталатынын ескертеді.

Авторы: Мөлдір Жақан

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz