RU
Толық нұсқаға өту

Трамп Иранның мұнайын иемденгісі келеді - БАҚ

31.03.2026, 07:39 63

Дональд Трамптың Иранға шабуылының түпкі нәтижесі белгілі болды.

Ақ үй басшысы бұл елдің мұнайына иелік еткісі келетінін Financial Times басылымына берген сұхбатында ашық айтты. Харг аралына да осы үшін шабуылдамақ. Егер Харг АҚШ-тың бақылауына өтсе, мұнай бағасы қалай құбылуы мүмкін?

АҚШ Президенті Дональд Трамп Иран мұнайын иеленгісі келеді. Бұл үшін Харг аралын жаулап алуы мүмкін. Сарапшылардың айтуына қарағанда, осылайша Ақ үй басшысы Ислам Республикасына шабуылдың түпкі себебін ашық айтты. Осыған дейін Вашингтон бұл Тегеранның ядролық бағдарламасын жою, кейін режимді құлатуға бағытталған операция деген еді. Ал Харг арқылы Иран мұнайының 90 пайызы тасымалданады. 30 млн баррель энергетикалық шикізат сақтайтын үлкен резервуарлар салынған. Күніне 6 млн баррель “қара алтын” экспортқа жіберетін мүмкіндігі бар. Егер стратегиялық аралды АҚШ уысына алса, Иранның табысын шектеп, экономикасын тығырыққа тірейді. Кеше Президент Трамп Иранға қайта ескерту жасады. Ормұз бұғазын ашып, келісімге келмесе, электр стансалары мен мұнай кеніштерін жарып жібереміз,-деді. Алайда,  азаматтық нысандарға шабуыл жасау бұл әскери қылмыс. Америка басшысының бұл сөзін Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитте қуаттап, мінберден мәлімдеме жасады.

Кэролайн Ливитт, Ақ үйдің баспасөз хатшысы:

- АҚШ армиясы жойқын күшке ие.  Қажет болса, Трамп сол күшті қолданудан тайынбайды. Әрине Ақ үй мен Американың қарулы күштері халықаралық заң аясында әрекет етеді. Бірақ Трамп бастаған операцияны аяғына дейін жеткізбей тоқтамайды. Сондықтан Иран билігі Ақ үймен келісімге келуі тиіс.

АҚШ Иранға жаяу әскер кіргізгісі келеді. Тіпті Парсы Шығанағына қосымша 3 жарым мың десантшыны шоғырландырып қойды. Олай болса Америкалық сарбаздар Ислам Республикасы аумағының қай тұсынан басып кіруі мүмкін деген заңды сұрақ туындайды. Дәл осы Харгтен бастайды деген болжам бар. Алайда сарапшылар стратегиялық аралды жаулап оңайға соқпас деп отыр. Өйткені Харгке жету үшін Ормуз бұғазы арқылы өту керек. Америкалық десантшылар аумаққа көктен қонса да ракеталар мен дрондар шабуылына ұшырауы мүмкін. Бұл соғыстың ұзаққа созылуына әкеледі, дейді сарапшылар.

ЦИТАТА:

Малкольм Дэвис, Австралияның стратегиялық саясат институтының сарапшысы

Бейбіт келіссөз бен соғыстың аяқталуы туралы айтылып жатқан әңгімелерге сенудің мүлде қажеті жоқ. Бір аптадан кейін АҚШ Иранға жаяу әскер кіргізуі бек мүмкін. Бірақ Ислам Республикасы бес қаруын сайлап, сақадай сай отыр. Бұл арада Құрама Штаттар көп жауынгерінен айырылуы ықтимал.

Харг аралындағы экспорт тоқтаса, мұнай бағасы тіптен шарықтап кетуі мүмкін. Соғыс басталғалы қара алтынның құны онсыз да 60 пайыз қымбаттап, бағасы барреліне 110 доллар асты. Иран жаһандағы мұнайдың 3 пайызын экспорттайды. Негізгі тұтынушысы - Қытай.  Ал Сауд Арабиясы Азия елдеріне қара алтынды қымбатқа беріп жатыр. Блумберг басылымының дерегі бойынша Парсы шығанағы нарығындағы құнынан 40 долларға жоғары баға ұсынып отыр. Бірақ, мұны көп елдің қалтасы көтермейтін тәрізді.

Аймақтағы соғысқа йемендік хуситтер де қосылды. Бұл инвесторларды қатты алаңдатып отыр. Өйткені, олар Қызыл теңіздегі мұнай тасымалын тоқтатуы мүмкін деген қауіп басым. Ал, бұл жаһандық энергетикалық дағдарысты күшейтеді, - дейді сарапшылар.    

Ұлыбритания, Лондон

Номи Бар-Яаков, Женева қауіпсіздік саясаты орталығының ғылыми қызметкері:

- Хуситтердің әскери арсеналында баллистикалық зымырандар мен дрондар бар. Олар Қызыл теңіздегі, яғни Баб-әл-Мандеб бұғазындағы кеме қатынасын тоқтата алады. Кеше олар Израильге әуеден шабуыл жасады, бүгін де соққы берді. Мұны жалғастыратынын мәлімдеп отыр. Демек, әскери қауіп өте жоғары. Егер хуситтер  расымен Қызыл теңіз арқылы мұнай тасымалын бақылауға алып, тіпті тоқтатса, онда жаһандық экономика бұрын-соңды болмаған дағдарысқа ұшырайды. 

1973 жылы Сауд Арабиясының бұрынғы мұнай министрі Яманидің "мұнай  АҚШ-тың бүкіл қару-жарақ арсеналынан да әлдеқайда тиімді қару" деп айтқан сөзі бар. Ал сарапшылар Иран соғысынан кейін әлемдік экономиканың қалпына келуі ұзаққа созылуы мүмкін деп санайды.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz