Мұнай мәселесі әсіресе Азия елдерін қинап тұр. Өйткені айналасында қара алтынның молдығына сеніп, ешкім қор жимаған.
Бар болған күннің өзінде көпке жетпейді. Сондықтан «қара алтынның» әр тамшысын үнемдеп жұмсауға мәжбүр. Пәкістан, Шри-Ланка, Индонезия, Филиппин, Таиланд, Вьетнам секілді бірқатар елде жұмыс аптасы қысқарды. Көпшілікті үйден жұмыс істеуге жіберіп жатыр.
Алайда Ормуз бұғазы бүгін-ертең ашылса да, мұнай тасымалы қалпына келу үшін кемі 2-3 ай қажет, - дейді сарапшылар.
Азияның біраз елінде стратегиялық мұнай қоры азайды. Мұны KPLER компаниясы сарапшылары ескертті. Өйткені осы уаққа дейін қор жинап әуре болмаған. Таяу Шығыстағы мұнайлы елдердің қара алтын өндіру мүмкіндігіне иек артқан. Ал Иран жаһандық мұнайдың 20 пайызы өтетін Ормуз бұғазын әзірге ашуға бейіл емес. Ал су жолы арқылы қара алтынның 90 пайызы Азия елдеріне экспортталады.
Навин Дас, KPLER компаниясының сарапшысы:
- Жылдар бойы Ормуз бұғазы арқылы энергетткалық шикізат Азия елдеріне уақытылы жеткізілетін. Сондықтан қара алтынды үлкен көлемде сақтап отырудың қажеті болмады. Сондай-ақ мұнайды резервуарларда сақтау экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Қор аз болған соң Таяу Шығыстағы шиеленістің салқыны бірінші кезекте Азия елдеріне тиіп отыр.
Ал Еуропа елдерінің мұнайсыз қаламыз деп сасатындай жөні жоқ. Жеткілікті мұнай қорын жинап қойған. Блумберг басылымының дерегі бойынша Халықаралық энергетика агенттігінің резевуарларында 1,2 млрд баррель қара алтын сақтаулы. Ал бұл құрылымға кіретін мемлекеттердің басым бөлігі - қарт құрлық елдері. Сондай-ақ Еуроодақтың талабы бойынша әр ел 90 күнге жететін мұнай қорын сақтауға міндетті. Сондықтан қарт құрлық елдері біразға дейін жанармайсыз қалмайды, - дейді сарапшылар.
Ирандағы соғыс Оңтүстік Кореяны да алаңдатып қойды. Сеул елдің энергетикалық саясатын өзгертеміз дейді. Таяу Шығыстағы шиеленіс жасыл энергияға көшу мәселесін кейінге қалдыруға болмайтынын көрсетті, - дейді Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мен.
Ли Дже Мён, Оңтүстік Корея президенті:
- Егер біз мұнай мен газға тәуелді экономикамыздың құрылымын өзгертпесек, болашақта дәл осындай геосаяси дағдарыстарға төтеп беру қиындай түседі. Сондықтан үкіметке жасыл энергияға көшу жұмыстарын ширатуды тапсырамын.
Былтыр әлемде жасыл технологияны дамытуға салыған инвестиция көлемі 8 пайыз өсіп, 2,3 трлн долларға жетті. 2020 жылдан бері әлем осымен 2-ші рет ірі мұнай дағдарысын бастан кешіп отыр. Ал бұл құбылыс әдетте тұтас нарықты өзгертеді. Мәселен, 1973 жылғы арабтардың Батыс салған эмбаргосынан кейін америкалықтар жанармайды аз шығындайтын шағын көліктерге ауысқан еді. Сол дағдарыстан тоқпен жүретін көліктердің негізіне айналған литий-ион батареяларын жасау дами бастады.
Египет президенті: Мұнай бағасы $200 асып кетуі мүмкін
Ал Мысыр Президенті АҚШ соғысты дәл қазір тоқтатпаса, жаһандық экономика тығырыққа тіреледі. Мұнай бағасы 200 доллардан асып кетуі мүмкін деген сарапшылардың болжамы шынайы сценарийге айналуы бек мүмкін, - дейді Әбдел Фаттах ас-Сиси. Сондықтан Ақ үй басшысын Ирандағы қарулы қақтығысты бейбіт жолмен шешуге шақырды.
Әбдел Фаттах Әс-Сиси, Мысыр президенті:
- Энергетикалық нысандарға шабуыл жасау жаһан экономикасы мен мұнай нарығына кері әсер етеді. Қара алтынның құны барреліне 200 доллардан асып кетуі мүмкін. Бұл – артық айтқандық емес. Жанармайдың бағасы өссе, азық-түлік те қымбаттайды. Экономикасы дамыған мемлекеттерде қымбатшылық аса қатты сезіле қоймас. Ал дамушы және кедей елдерде жағдай қиындай түседі.
Таиланд премьер-министрі тоқпен жүретін көлікке ауысты
Мұнайдың әр тамшысы үнемделуі тиіс. Таиланд премьер-министрі халқына осындай үндеу тастады. Тіпті мұнысын өз іс-әрекетімен дәлелдеп, жұмысқа, яғни үкімет үйіне тоқпен жүретін көлікпен келді.
Ирандағы соғыс басталғалы Таиландта жанармай 145 теңгеге қымбаттаған. Қазір Бангкокта бензиннің бір литрінің бағасы 1 доллар 25 цент. Бұл біздің ақшаға шаққанда шамамен 583 теңге. Тай үкіметі экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін мұнай салығын азайту мәселесін қарастырып жатыр. Сөйтіп Иран соғысы бүгін-ертең тоқтаса да, мұнай тасымалы қалпына келуі үшін кемі 2-3 ай қажет. Ал нарықтағы ахуал тек жылдың аяғында оңалуы мүмкін,- дейді сарапшылар.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #мұнай #АзияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz