АҚШ астанасында шие ағаштары гүлдеп, дәстүрлі Сакура фестивалі басталды.
Наурыздың соңы мен сәуірдің ортасына дейін жалғасатын табиғаттың ғажайып сәтін тамашалау үшін Вашингтонға биыл да миллионнан аса турист келген. Санаулы апта ішінде 200 млн доллар кіріс әкелетін фестивальдің алғашқы күні батпырауықтар жарысы ұйымдастырылды.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Вашингтонның метросы жыл сайын екі мәрте 1 күнде 1 миллионға жуық жолаушыны тасымалдап, дәл осылай қарбаласқа түседі. Алғашқысы АҚШ-тың тәуелсіздік күні болса, екіншісі - қазіргідей көктем келіп, шие ағаштары гүлдеген сәтте.
Осыдан 114 жыл бұрын Жапон империясы Америка халқына тарту еткен шие ағаштары бүгінде АҚШ астанасының басты символының бірі. Тіпті бұл мезгілді Вашингтонның туристік маусымының ашылуы деп те бағалайды. Ал мамандар Биыл көпжылдық бақылау мен зерттеуден кейін 28-ші наурыз бен 1 сәуір арасын шаһардағы сакураның ең әсем гүлденетін алтын кезеңі деп таныды.
Кристал, турист:
- Бұл өмірімдегі алғашқы Сакура фестивалі. Осы үшін Нью-Йорктен арнайы келдік. Қаланың негізгі саябақтарын түгел аралап шықтық. Сондай әдемі екен жаның рахаттанады. Енді батпырауқтарды тамашаламақпыз.
Брия Уильямс, Вашингтон қаласының тұрғыны:
- Сакура фестивалін сұлулық мерекесі деуге болады. Шиенің осылай әдемі гүлдеуін алдымен Жапониядан көрсеңіз, екіншісі осы біздің Вашингтонда шығар. Мұнда шиенің неше түрлі тұқымы бар. Туристер де осы уақытта қаламызға ағылып келеді.
Сакура фестивалі кезінде Вашингтон монументі жанында әдетте батпырауықтар жарысы ұйымдастырылады. Сайысқа кәсіпқой батпырауқшылармен бірге оны қолына енді алып үйреніп жүрген әуесқойлар қатысып, өзара кім мықтыны анықтайды. Биыл жұрт бұйымның үлкендігі, дизайнының әдемілігі мен ұшырушының шеберлігі бойынша жарысты.
Джанет Люмис, турист:
- Қос қанатты батпырауықтарды осымен 30 жыл бойы ұшырып жүрміз. Талай жарыстарға қатысып, екі рет әлем біріншілігін жеңіп алдық. Бүгін де қанжығамыз майланар деген үміттеміз. Бәрі ұнап жатыр.
Биылғы сакура фестивалі АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығымен қатар өтіп жатыр. Соған орай Жапониядан тағы 250 түп шие ағашы сыйға тартылып, Вашингтон бақтарына отырғызылды.
Ердана Ержанұлы, Эндрю Фанг
Тегтер #Вашингтон #сакура #фестиваль #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz