RU
Толық нұсқаға өту

Израиль Ливанды күйретіп жатыр

03.04.2026, 08:09 62

Израиль Палестинаны күйретіп, Иранды ғана атқылап жатқан жоқ, Ливанды да қаусатып барады.

Елдің оңтүстігінде 600 мың тұрғынның баспанасын қиратып, оларға бұл жерге келмеуді бұйырды. Израиль Қорғаныс министрі Исраэль Кац Ливанның оңтүстігінде дәл Газа секторы секілді қауіпсіздік аймағын құрамыз дейді. Израиль өз елінің солтүстігіндегі тұрғындарының қауіпсіздігін осылай қамтамасыз етпек. Ал Тель-Авивтің басқыншылығынан үйсіз қалған 600 мың ливандық енді қайтіп күнелтпек? 

600 мың ливандық үйсіз қалды

Ливандағы жағдай күн санап ушығып барады. Израиль шекарадағы барлық ауылды қиратамыз, дейді. Сондай-ақ 600 мың ливандыққа үйлеріне оралуға тыйым салды. Сөйтіп, ЦАХАЛ Ливан оңтүстігінің бір бөлігін өз бақылауына алатынын ескертті. Қорғаныс министрі Исраэль Кацтың айтуына қарағанда, Литани өзенінің оңтүстігінде, яғни Израиль шекарасынан 30 шақырым қашықтықта «қауіпсіздік аймағы» құрылады. Бұл - Ливан аумағының оннан бір бөлігі.  Осылайша «Хезболла» күштерін ығыстырып, өз елінің солтүстігіндегі израильдіктерге төнетін қауіпті азайтпақ.

Исраэль Кац, Израиль Қорғаныс министрі:

- Газа секторындағы Рафа және Бейт-Ханун үлгісі бойынша Ливанның Израильге жақын ауылдарын жоямыз. Ал солтүстікке қарай қашқан 600 мың ливандыққа елдің оңтүстігіне оралуға рұқсат етілмейді. Осылайша өз халқымызға төнген қауіпті азайтамыз.  Біз солтүстіктегі азаматтарымызды қорғауға уәде бердік, және сол уәдемізде тұрамыз.

Ливан

Израиль тарапының мәлімдеуінше “Хезболла” күштері шекарадағы елді мекендерді атқылап, израильдік тұрғындардың үрейін алады. Тель-Авив мұны жай қоя алмаймыз, дейді. Сөйтіп, өткен айда Израиль Ливанға жаяу әскер кіргізді. Себеп Ислам Республикасының бұрынғы рухани көсемі Али Хаменеидің өлімі үшін Тель-Авивтен кек алуға кіріскен «Хезболланы» ығыстыру. Рейтер агенттігінің мәліметінше, қазір Ливанмен шекарада 60 мыңдай израильдік тұрады.

Миллионнан аса ливандық босып кетті

Ливан ең күрделі ішкі миграциялық дағдарысқа тап болды. БҰҰ-ның дерегі бойынша, Израильдің шабуылынан 1 млн-нан аса ливандық үйін тастап, солтүстікке қашқан. Бірі уақытша орталықты паналайды, енді бірі туыстарын жағалап жүр. Қалғаны көшеге шатыр тігіп, далада түнейді.

БЛИЦ

- Олар Палестинаны 80 жыл бұрын басып алып, содан кейін босатпады. Енді Ливанға да көз тігіп отыр. Оңтүстігін ғана емес, бүкіл елді жаулап алғысы келеді. Бірақ Кацтың айтқаны орындала қоймас. Өйткені бізде ел үшін жанын қиюға дайын жастар жетерлік.

- Біз ливандықпыз. Мұны растайтын қолымызда Ливанның төлқұжаты бар. Бұл бізге тиесілі жер. Тарихи Отанымыз. Егер ертең осы жерімізден айырылып қалсақ, болашақ ұрпаққа мұны қалай түсіндіреміз? Сондықтан халқымыз бөлінбей, елдің болашағы үшін күресуі керек. 

Миллионнан астам ливандық босып кетті 

Ливанның экономикалық жағдайы мәз емес. Сондықтан халықтың тағдырын қиындатқан мәселені шешу үшін Бейрут Израильді келіссөз жүргізуге шақырды. “Хезболланы” мемлекеттің ішкі тұрақтылығын әлсіретіп тұр деп айыптады. Ал Израильдің әскери жоспарына қатысты алаңдаушылық білдірді.

Ханин Сайед, Ливан әлеуметтік істер министрі:

- Босып кеткен халықты орналастыру - бүгінгі басты мәселе осы. Үкімет қауіпті әр түрлі сценарийге дайын болу керек.  Израиль жерімізді иемденгісі келеді. Бұл біздің егемендігімізге жасалған қастандық.

Ливанда халықтың 20%-ы босқынға айналды 

Ал “Хезболла” Израильдің бұл әрекетін басқыншылыққа теліп отыр. Тель-Авивті айыптап, қарсы тұруға дайын екенін мәлімдеді. 1982 жылдан бастап, 18 жыл бойы Ливанның оңтүстігі Израиль бақылауында болған. Бірақ,  “Хезболла”партизандық соғыс жүргізіп, 2000 жылы өз жерін азат етеді. Сарапшылар енді ширек ғасырдан өткенде тарих қайталануы мүмкін деп санайды.

Хассан Фадлалла, Хезболла депутаты:

- Бұл Ливанның халықаралық деңгейде мойындалған шекарасына төнген үлкен қауіп. Сондықтан біз бұл шабуылға қарсы тұрып, жерімізден айырылмау үшін бар күшімізді саламыз.

БҰҰ мен Еуроодақ және Канада басшысы бірлескен мәлімдеме жасады. Халықаралық құқықты сақтауға және өзге елдің егемендігіне қол сұқпауға шақырды. Ливанның Денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша, бұл елде 80-нен аса қала мен ауыл қираған. Халықтың 20 пайызы босқынға айналды. 1 200-ден аса адамның өмірі қиылды. Қайтыс болғандардан 124-і - бала.  Ал, Израильде 10 әскери мен 2 тұрғын бақилық болған.

Президент Трамптың сөзіне қарағанда, Ирандағы соғыс таяуда аяқталуға тиіс. Бірақ Ислам Республикасындағы шиеленіс көп ұзамай шешімін тапса да Израиль Ливанға қарсы қарулы қақтығысты жақын арада тоқтатпайды. Керсінше Хезболлаға қарсы шабуылды үдете түсуі мүмкін, дейді сарапшылар.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz