Ғарыш қоқысы әуе апаттарының негізгі себебінің біріне айналуы мүмкін.
Еуропалық ғарыш агенттігі осылай деп, дабыл қақты. Ғалымдардың айтуынша, әрі кетсе 3-4 жылда ұшақтардың мыңнан бірі ғарыш қалдықтарымен соқтығысады. Жер Орбитасын қалықтап жүрген қоқыстардан қалай тазалаймыз?
Біз тіршілік ететін Жер Шарының айналасында 1 млн-нан аса темір қалдық шыр айналып жүр."Бұл адамзат ғарышты 70 жыл бойы игерудің салдарынан пайда болған", дейді сарапшылар. Жеті қат көкке ұшырылған зымырандар мен жер серіктерінің көп бөлігі жанып кетеді. Бірақ ең ірілері ешқайда жоғалмайды. Ал ғарышта қоқыс көбейген үстіне көбейіп келеді. Бұл азаматтық авиацияға үлкен қауіп, дейді сарапшылар.
ЦИТАТА
Бенджамин Виргили Бастида, еуропалық ғарыш агенттігінің инженері
Ұшақ үшін көзге көрінбейтін ұсақ бөлшектің өзі қауіпті. Мәселен, әуе кемесінің қозғалтқышы жанартау күлінің кесірінен де істен шығуы мүмкін. Ғарыш қоқысына қатысты жағдай осыған ұқсас. Бірақ мұнда қауіп әлдеқайда жоғары. Егер 10–12 шақырым биіктікте ұшып келе жатқан ұшаққа темір-терсек соғылса, тесіліп, салонда ауа қысымы күрт төмендейді.
ИСПАНИЯ
Иә, алаңдауға негіз бар. Өйткені 2022 жылы қытайлық зымыранның 20 тонналық сынығы Испанияға түседі. Сөйтіп, елдің әуе кеңістігі жабылып, жүздеген рейс тоқтайды.
Ал орбитада қалықтап жүрген қалдықтар қай жерге құлайтынын әзірге болжау мүмкін емес.
ЦИТАТА
Аарон Болей, Британиялық колумбия университетінің доценті:
Халқы тығыз қоныстанған және әуежайдың маңындағы аймақтарда ғарыштан қоқыс құлау қаупі 1 пайызға тең. Ал әуе қатынасы қарқынды дамыған, яғни Солтүстік Еуропа, АҚШ-тың солтүстік-шығысы немесе Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі қалаларда бұл көрсеткіш - 26 пайыз.
Еуропалық ғарыш агенттігінің ғалымдары арнайы жобаны қолға алды. Келер жылы жеті қат көкке бірегей аппарат ұшырады. Екі жүзге жуық датчиктің негізінде жұмыс істейтін құрылғы атмосферада темір-терсектердің қалай қозғалып, ыдырайтынын зерттейді. Бұл ғарыш қоқыстарының қай жерге түсетінін болжауға мүмкіндік береді. Бірақ, мұның өзі жеткіліксіз. Зымырандар мен жер серіктерін жерге қайтаратын технология қажет. Ғарышты табыс көзіне айналдырып отырған компаниялар осы әдісті ойлап табуға қаржы салуы керек, дейді сарапшылар.
Зайнұр Байжігіт
Тегтер #ғарыштағы қоқыс #әуе кеңістігі #апат #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz