Былтыр Албанияда алғаш рет жасанды интеллект үкіметтік деңгейде ресми лауазымға ие болды. Диэлла жасанды интеллект министрі болып тағайындалды. Елдің Премьер-министрі Эди Рама оны сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін цифрлық көмекші ретінде таныстырды.
Оның қызметіне қоғамдық сатып алулардың ашықтығы мен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалануды бақылау да кіреді. Министрлер кабинетінің виртуалды мүшесі - дәстүрлі албан киімін киген орта жастағы әйел. Диэлла Парламент отырысында алғаш рет сөз сөйлегенде "мақсаты адамдарды алмастыру емес, оларға көмектесу екенін атап өтті". Іс жүзінде жүйе шенеуніктерге шарттарды дайындаудан бастап құжаттарды тексеруге дейінгі тендерлік процестің барлық кезеңдерінде жәрдемдеседі.
Ұлыбритания
Ұлыбританияда бұған дейін көмір қазып, шыны өндірумен айналысқан Барнсли шаһары осы елдегі алғашқы «технологиялық қала» атануы мүмкін. Үкімет жасанды интеллектіні шаһардағы барлық салаға белсенді енгізіп жатыр. Мысалы, білім беруде технологиялар мұғалімдерге жүктемені азайтуға жәрдемдеседі, ал денсаулық сақтау саласында науқастарды жылдам тіркеп, сапалы амбулаториялық қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Бағдарлама аясында жергілікті тұрғындар цифрлық технологиялар бойынша курстардан тегін өтіп, тіпті мамандықтарын ауыстыра алады. Жоба мемлекеттік қызметтердің жұмысын оңтайландыруға бағытталған. Ал Барнсли тәжірибесі ел бойынша жасанды интеллектіні қолданудың бірыңғай стандартын әзірлеуге ықпал етеді.
Үндістан
Үндістанда Андхра-Прадеш штатының полициясы тергеуді жеделдетіп, аймақтағы құқық қорғау органдарының жұмысын жеңілдететін жасанды интеллектіге негізделген пилоттық жобаны іске қосты. Жүйе шағымдарды жылдам өңдеуге, мәліметтерді сақтап, біріктіруге, қызметтік жазбаларды цифрландыруға және әлеуметтік желі мен жаңалықтарды бақылауға көмектеседі. Әзірге жоба үш ауданда — Читтур, Гунтур және Аннамайяда енгізілген. Алайда билік технологияны жазға дейін бүкіл штатта қолдануды жоспарлап отыр.
Мөлдір Жақан, 24kz
Тегтер #жасанды интеллект #Мемлекеттік басқару #Албания #әлемде #ЖИ #жаңалықтарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz