RU
Толық нұсқаға өту

Таяу Шығыста туризм саласы тұралады

07.04.2026, 16:00 43

Ирандағы соғыс Таяу Шығыстағы туризм саласын тұралатып тастады. Парсы шығанағы елдері күніне 515 млн еуро табыстан қағылып отыр.

Бұл - Дүниежүзілік саяхат және туризм кеңесінің есебі. Қарулы қақтығысқа дейін Абу-Даби, Дубай, Доха және Бахрейн әуежайлары арқылы тәулігіне 526 мың жолаушы қатынайтын. Қазір бұл көрсеткіш бірнеше есе қысқарды. Мұның арты қалай болмақ? Сарапшылар не дейді? 

Милллиондап турист ағылатын аймаққа қазір келім-кетім қонақ аз. Бұл туризм саласының қарқынын тежейтіні анық. Сарапшылар Таяу Шығысқа саяхаттаушылар саны биыл 27 пайызға дейін төмендеуі мүмкін деп топшылайды. Егер болжам расталса, өңірдегі қонақүй бизнесі, әуе компаниялары мен қызмет көрсету саласы күніне миллиондаған доллар табыстан қағылады.

Мұстафа Хатоу, Туристік компания директоры:

- Таяу Шығысқа ағылып жатқан туристер саны жылдан жылға артып келетін. Бұған Парсы шығанағы елдерінің туризмге ауқымды инвестиция құюы әсер етті. Алайда соғыс басталғаннан кейін көп ел азаматтарына бұл аймаққа бармауды ескертті. Сапарлардың көбі кейінге қалдырылды. Мүлде бас тартып жатқандар бар. Мәселен, Дубайға баруға ешкім бұрынғыдай құштар емес қазір.

Кубаға саяхаттаушылар күрт азайды

Президент Трамп Кубаға да шүйлігіп отыр. Тіпті Ираннан кейін келесі нысанына айналуы мүмкін деген қауіп басым. Елде халықаралық рейстер қысқарды. Өйткені авиаотын тапшы. Мұнайдың қоры таусылуға шақ тұр. Қара алтынның әр тамшысын үнемдеп, электр жарығын жиі өшіруге мәжбүр. Яғни геосаяси жағдайдың шиеленісуі туристер Кубаға қарай ағылуын тоқтатты. Кейінгі мәлімет бойынша, биыл ақпанда Гаванаға небәрі 70 мың адам саяхаттап барған. Бұл алдыңғы көрсеткішпен салыстырғанда 50 пайызға аз.

Юдеси Мендоса, мейрамхана менеджері:

- Шетелдік туристердің арқасында табыс тауып отырғанбыз. Бірақ экономикалық дағдарыс пен сыртқы факторлардан әуе рейстері тоқтап, жанармай тапшылығы туындап саяхаттаушылар саны күрт азайды. Бұрын адамдар кезекке тұратын. Ал қазір мейрамхананың іші бос, қаңырап тұр.

Энергетикалық дағдарыс Мысыр туризміне әсер етті

Бұрын күн ұясына батып, көз байланған шақта Мысыр астанасы Каирде де тіршілік қыз-қыз қайнайтын. Туристер көшелерде қаптап жүретін. Қазір жағдай өзгерді. Бұған елдегі энергетикалық дағдарыс себеп. Таяу Шығыстағы қақтығыстан Мысырда қазір табиғи газ тапшы. Сондықтан елде электр қуаты мен отынды тұтыну шектеліп жатыр. Көшелердегі жарық ішінара өшіріліп, дүкендер мен дәмханалар әдеттегіден ертерек жабылады. Бұл бірден туризм саласына кері әсер етті.

Сарапшылардың айтуына қарағанда, әлемдегі геосаяси ахуал тұрақталғанның өзінде, саяхатшылардың қайта оралуы үшін біраз уақыт қажет. Сондықтан, бұл аймақтарда туризм саласы еңсесін бірден тіктей салуы екіталай, - дейді.

Авторы: Зайнұр Байжігіт

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz