Алматы қаласының тумасы Брюссельде ескі-құсқы заттарды дизайнерлік бұйымдарға айналдырып, пайда тауып жүр. Оның қоршаған ортаға ұқыпты қарауды мақсат еткен әлеуметтік жобасы қазір Еуропада зор сұранысқа ие.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
Мына сырға пластиктен, сөмке ескі дөңгелек резеңкесінен, ал көйлек галстуктан жасалған. Кеше ғана қажетсіз жатқан заттар бүгінде сәнді бұйымдарға айналып отыр. Мұны апсайклинг дейді. Еуропада бұл үрдіс трендке айналып, кең таралып келеді.
Тоқыма өнеркәсібі – әлемдегі қоршаған ортаны қатты ластайтын саланың бірі. Бір рет киіп тастайтын киімдер қоқысты көбейтіп, өзекті мәселеге айналды. “Секлоп” атты мемлекеттік әлеуметтік жобасы осы түйткілді шешуге бағытталған. Яғни, ол қалпына келтіруге болатын заттарға екінші өмір сыйлауды мақсат етеді.
Оксана Ян, әлеуметтік кәсіпкер:
2021 жылы мен анама қонаққа барған едім. Сонда осындай көрпе көрдім. Оны қайта өңдеп, пальтоға айналдырдым
Оксана Бельгияда тұрып жатқанына 26 жыл болды. Алматыдан Брюссельге күйеуінің жұмыс бабымен көшіп келген. Жаңа ел мен тіл, мамандығы бойынша жұмыс істеуге рұқсатының болмауы оған көп кедергі келтіреді. Бірақ қиыншылықтарға қарамастан уақыт өте Оксана 6 дүкен ашып, қазір кәсібін дөңгелетіп отыр.
Оксана Ян, әлеуметтік кәсіпкер:
Бұл – мемлекеттік жоба. үкімет қаржы бөледі. Біз Бельгияда бұрын-соңды ешқашан жұмыс істемеген адамдарға тәжірибе жинауға мүмкіндік береміз.
Оксананың арқасында 50-ге жуық адам жұмыспен қамтылып отыр. Бірақ Бельгиядағы қаржылай қиындықтарға байланысты жоба қысымға тап болды. Биыл бюджеттік қысқартулар салдарынан команда онға жуық қызметкерінен айырылды. Соған қарамастан, жоба жұмысын жалғастырып келеді.
Элла Парфенова, тігінші:
Маған берілген осындай мүмкіндік үшін қуаныштымын. Бірнеше жобаға жетекшілік ететін Оксанаға ризамын.
Сатып алушыларды, әдетте, басқа ешкімде жоқ ерекше заттар қызықтырады. Оған қоса, мұнда сол бұйымды жасаған адаммен жақынырақ танысу мүмкіндігі бар.
Эрика, сатып алушы:
Мұнда шынымен де ешкімде жоқ бірегей заттарды табуға болады. Бұл сондай-ақ қоршаған ортаға ұқыпты қарауға үйретеді. Бұдан бөлек, сауда жасасаңыз суретшіге тікелей қолдау көрсеткендей боласыз.
Оксана апсайклингті Қазақстанда да дамытуға болатынын айтады. Ол үшін дизайнерлер шабыттанып, мемлекет оларға қолдау көрсетуі тиіс. Кәсіпкер өз кезегінде қазақстандық шеберлердің халықаралық деңгейге көтерілуі үшін тәжірибесімен бөлісуге дайын.
Ғалымжан Қараманұлы, 24KZ, Брюссель
Тегтер #Алматы #Бельгия #Брюссель #қалдықтарды өңдеу #құнды бұйымдар #әлемде #Еуропа #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz