2050 жылға қарай жер бетіндегі адам саны 9 миллиардтан асады. Біріккен Ұлттар Ұйымы осындай болжам жариялаған. Адамзаттың көбейгені жақсы, бірақ су тапшылығы күрделенуі мүмкін.
Әсіресе ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте тіршілік көзіне деген сұраныс еселеп артады. Сарапшылар әлемде су үшін талас күшейеді деп қауіптенеді.
Аргентинада су көзін қорғаушылар полициямен қақтығысты. Олардың бас көтеруіне жақында ел Сенаты мақұлдаған даулы заң жобасы себеп. Онда алтын мен мыс өндіретін компаниялардың жұмыс істеуіне рұқсат берілген. Аргентинада 17 мыңға жуық мұздық бар. Елдегі тұщы судың көбі осы мұздықтардан алынады. Экологтар құжат қабылданса, кен орындары мұздықтарды жойып, олардан алынатын тұщы судың құртады деп алаңдайды.
Ана Салгуейро, экобелсенді:
- Депутаттар кен өндіруші алпауыт компаниялардың емес, халықтың мүддесін қорғау үшін сайланды ғой. Олар қабылдаған заңнан ертең бәріміз бірдей зардап шегеміз. Қара суға зар болып қалмақпыз.
Британияда арнайы құрылғылар қолданылады
Британияда тұрғындар күніне орташа есеппен 150 литр су тұтынады. Елдің оңтүстік және шығыс аймақтарында жауын-шашын аз жауатындықтан, суды халық көп тұтынады. Сондықтан бұл өңірлердегі әр үйде су есептегіш құрылғылар бар. Бұл судың қаншалықты көп пайдаланылғанын көрсетеді. Аталған аймақтарда жоба 10 жыл бұрын енгізілген. Билік 2030 жылға қарай жобаны қолдану аясын кеңейтуге ниетті.
Тұманнан су жинайтын құрылғы
Чили ғалымдары тұманнан ішуге жарамды су өндіретін құрылғы ойлап тапты.
Бірегей аппарат пластиктен жасалған. Ол биік жерлерге орнатылады. Жиналған ылғал арнайы резервуарларға құйылып, сүзгіден өткізіліп, ішуге және тұрмыстық қажеттіліктерге пайдаланылады. Бір құрылғы тұманды күнде 400 литрге дейін су жинай алады. Технология елдің солтүстігіндегі Атакама шөлінде қолданысқа енгізіле бастады.
Сингапурдағы суды тұщыландыру
Сингапур 2060 жылға қарай тұзды су мен ағынды суды тазартатын өндіріс көлемін екі есеге ұлғайтпақ. Ол үшін елде жаңа зауыттар іске қосылып, су тазарту қуатын ұлғайту жоспарланып отыр. Өндіріс орындарында теңіз суы мен ағынды сулар екі кезеңмен тазаланады. Әуелі мембраналық сүзгіден өткізіліп, қоқыс пен бактериялардан, содан кейін ультракүлгін және сутегі пероксиді арқылы тазартылады. Сарапшылардың айтуынша, мұндай жолмен алынған су Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талаптарына толық сай келеді.
Авторы: Ернат Рахметолла
Тегтер #Аргентина #белсенділер #су тапшылығы
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz