Орталық Азия елдерінде жылдан жылға күн ысып барады. Бұған БҰҰ-ның мәліметтері дәлел.
Мәселен, соңғы 10 жылда Тәжікстан мен Қырғызстандағы мұздықтардың 30 пайызы еріп кеткен. Бұған экологтар қатты алаңдаулы және мұны жаһандық жылынумен байланыстырады. Өйткені оның салдары орасан болуы мүмкін дейді.
Әлемде тарихтағы ең ыстық жаз 3 жыл қатарынан қайталанды. Рекордтық температура 2023 жылдан бері түспей келеді. Дәл осы кезеңде Орталық Азия елдері де табиғи апаттан тыс қылмады. Мәселен, былтыр күннің ысуы жаз келмей аймақтың біраз бөлігін әбігерге салды. Өткен жылы наурызда күн 40 градусқа дейін ысыған. Сөйтіп Қырғызстан мен Тәжікстанда орман өрті жиілеген еді.
Кейінгі 50 жылда күннің ысуы қатты байқалады. Әр он жыл сайын температура 0,5 градусқа жылынып келеді. Жарты ғасырда Орталық Еуропа мен Орталық Азияда күн 3 градусқа ысыды. Байқайсыздар ма? Қазір бұл аймақтарда бұрынғыдай аяз жоқ. Қысы жылы. Атмосферада ылғал мөлшері артып келеді. Күн неғұрлым жылы болса, соғұрлым ылғалды көбірек cіңіреді. Сондықтан Орталық Азияда құрғақшылық жайлау қаупі басым.
Синоптиктер 2050 жылға қарай Орталық Азия елдерінде орташа температура айтарлықтай өседі деп болжайды. Қатты ыстықтың зардабын әсіресе Қырғызстанда тұратын халық тартуы мүмкін. Көрші елде ауа температурасы шамамен 4 жарым градусқа көтеріледі деген болжам бар. Қазақстан мен Түрікменстанда +3 градус, ал Өзбекстан мен Тәжікстанда +2 градусқа артады.
Шер Мұхаммед, сарапшы:
- Бұл климат өзгеріп жатқанын көрсетеді. Күн ысып, қар азайса, су тапшылығы артады. Бұған дайын болу үшін жаңа жоспар құрылуы керек. Адамдарға қауіп жайлы алдын ала ескерту керек.
Орталық Азияда халық саны қарқынды өсіп келеді. Кейінгі 30 жылда мұндағы тұрғындар 84 миллионнан асты. Бұл ресурстарға қажеттілікті күшейтіп, су тапшылығын арттырды. Ал мамандар күннің ысыуы су тапшылығы, жерлердің тозуы, азық-түлік қауіпсіздігіне ғана кері әсер етпей, өңірлердің экономикалық дамуы мен климаттық босқындардың көбеюіне кесірін тигізуі мүмкін екенін ескертеді. Сондықтан аймақ елдері дереу күш біріктірмесе, қауіп күшейе береді, - дейді.
Авторы: Зайнұр Байжігіт
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Орталық Азия #құрғақшылық #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz