Әлемде екінші ай қатарынан азық-түлік қымбаттады. Дүниежүзілік ауыл шаруашылығы ұйымының дерегі бұл. Логистика, сосын отынның қымбаттауы әсіресе қант пен майлы дақылға ауыр тиді.
«Ал астықтың құнын жоймауына нарықтағы жоғары ұсыныс ықпал етті» - дейді мамандар. АҚШ пен Иран арасындағы қарулы қақтығыстың басталғанына - бір жарым ай. Егер соғыс ұзаққа созылса, жағдай қиындай түсетіні анық. Алда не болады? Жаман айтпай жақсы жоқ. Қауіп-қатер қандай? Сарапшылар не дейді?
Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы жариялаған кейінгі деректерге сәйкес, наурызда азық-түлік бағаларының индексі орташа есеппен 128,5 тармағында тұрақталды. Бұл ақпан айымен салыстырғанда - 2,4 пайызға жоғары. Астық бағасының индексі 1,5 пайызға өсті. Соның ішінде ең жоғары өсім көрсеткен - бидай. 4,3 пайызға артқан. Бұған, біріншіден, АҚШ--тағы құрғақшылық салдарынан өнім көлемінің төмендеу қаупі және Австралияда тыңайтқыштардың қымбаттауына байланысты егіс алқаптарының қысқаруы жөніндегі болжамдар әсер етті. Жүгерінің әлемдік құны көп қымбаттай қойған жоқ. Себебі нарықта ұсыныс жеткілікті. Ал күрішке келер болсақ, баға 3 пайызға төмендеген.
Максимо Тореро, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас экономисі:
- Қымбатшылық, көбінесе, қант пен майлы дақылдар арасында байқалады. Бұл тікелей мұнай бағасының өсуімен байланысты. Ал астық өнімдеріне келер болсақ, әсіресе, бидай, жүгеріге қатысты жағдай тұрақты. Өйткені нарықта ұсыныс жоғары әрі қор жеткілікті. Ормуз бұғазындағы іркіліс астық құнына бірден әсер етпейді. Алайда Ирандағы қақтығыс бір жарым айдан астам уақытқа созылса, болашақта азық-түлік жеткізілімдері қиындап, сәйкесінше, баға да көтерілетін болады.
Әлемде астық қоры жеткілікті
Әлем елдерінде көктемгі бидай егу науқаны түгел дерлік аяқталуға жақын. Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы 820 миллион тонна өнім түседі деп болжап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7 пайызға төмен. Алайда Оңтүстік Азия елдерінде бидай алқаптарының рекордтық деңгейде кеңеюі өзге аймақтардағы алқаптардың қысқаруын ішінара өтейді. 2025-2026 жылдары әлемде астық тұтыну көлемі алдыңғы маусымға қарағанда 2,4 пайызға артып, 2945 миллион тоннаға жетеді. Астық қорының көлемі де ұлғаяды. Шамамен 951 млн тоннаға дейін баруы мүмкін. Демек, ұсыныс жоғары деңгейде болмақ. Ал астық саудасының көлемі 505 млн тоннадан асады.
Давид Жорж Робер Лаборд, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бөлім басшысы:
- Қақтығыс неғұрлым ұзаққа созылса, соғұрлым фермерлерге қысым күшейеді. Өндірістік ресурстардың жоғары бағасы мен төмен табыстылық жағдайында шаруаларға қиын таңдау жасауға тура келеді. Олар тыңайтқыштарды аз қажет ететін дақылдарға көшеді немесе егіс алқаптарын қысқартуға мәжбүр болады. Осы себепті өнімділік төмендеуі мүмкін. Ал бұл өз кезегінде алты-тоғыз айдан кейін азық-түлік бағасының қымбаттауына әкеледі.
Күн райының қолайсыздығына байланысты ЕуроОдақ, Ресей және АҚШ аумағында бидайдың жалпы өндірісінде іркіліс байқалуы мүмкін деген болжам бар. «Ал Үндістанда, керісінше, рекордтық өнім жиналады» - дейді мамандар. Жауын-шашынның мол болуы Иран, Түркия және Солтүстік Африка елдерінде өнімнің артуына әкеледі деп күтілуде. Қазір Оңтүстік жарты шар елдерінде жүгері жинау науқаны басталып кетті. Аргентина, Бразилия және Оңтүстік Африкада өнім орташа деңгейден жоғары болмақ.
Ормуз арқылы тыңайтқыштың 30%-ы өтеді
Дегенмен, ауыл шаруашылығындағы жағдай тікелей Таяу Шығыстағы қақтығыстың қалай өрбитініне байланысты болып отыр. Өйткені бұл сала отын мен тыңайтқышқа тәуелді. Ормуз бұғазы арқылы мұнайдың 35 пайызы, тыңайтқыштың 20-30 пайызы, табиғи газдың 25 пайызы өтеді. Күкірттің де жартысына жуығы осы су жолы арқылы тасымалданатынын ескерген жөн. Себебі күкірт фосфат өндірісінде қолданылады. Ал фосфат тыңайтқыштың маңызды компоненті. Әзірге бұғаздағы жағдайдың оңалатын түрі жоқ. Вашингтон мен Тегеран атысты уақытша тоқтатқанымен, Парсы шығанағын Үнді мұхитымен жалғайтын өткелде қауіп сейілмеді. Кеме иелері әлі күнге дейін көлік құралын аймаққа жіберуден тайсақтап отыр.
Егер Таяу Шығыстағы қақтығыс жақын арада тоқтамаса, салдары ең алдымен, импортқа қарап отырған мемлекеттерге ауыр тиеді. Осының кесірінен халықтың осал топтары жоғары шығындарға тап болып, азық-түлік тұрақсыздығы күшеюі мүмкін.
Тегтер #астық #азық түлік #отын #қант #майлы дақылдар #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz