RU
Толық нұсқаға өту

Дубайда самокаттарға бақылау күшейді

14.04.2026, 08:15 41

Ал үлкен де, кіші де аяқ артып, заулап жүрген самокаттар жалғыз біздің ел емес әлемнің көп елінде бас ауруына айналды. Өйткені апат көп. 

Дубайда шаһардың көлік қозғалысын реттеу басқармасы тәртіпті қатаңдатып, скутер иелеріне арналған жаңа ережелерді жария етті. Бұл орайда жылдамдық сағатына 20 шақырымнан аспауы шарт. Қорғаныс киімінсіз жүріп, жаяу жүргінші жолына түсуге де рұқсат жоқ. Тәртіп бұзылса, біздіңше 25 мың теңге айыппұл төлейді.

Рауан Мыңбай, тілші:
- Мұндай талаптар кездейсоқ енгізілген жоқ. Мамандардың айтуынша, кейінгі уақытта электрлі самокатпен болатын жол-көлік оқиғалары жиілеген. Жергілікті емдеу мекемелеріне ай сайын ондаған адам түрлі дене жарақаттарымен келеді. Сол себепті қала билігі қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатыр. Мәліметке сай, әмірлік аумағында арнайы самокат жолақтары ұлғайған. Жалпы ұзындығы 400 шақырымнан асады. Соған қарамастан көшені кесе көлденең қиып өтетіндер азаймай тұр.

Сабер Тафти, қала тұрғыны:
- Самокатты аптасына екі рет мінемін. Жұмысқа жылдам жетуге қолайлы. Арнайы жолақ өте ұзын. Қаланы айнала жүруге болады. Кейінге кезде ереже тым қатал болып кетті. Оны барынша бұзбауға тырысып-ақ жүрміз. Абайсызда болатын дүние ғой.

Полиция талап-ережені ескермегендерді бейнебақылау жүйесінен бөлек, тұрғындармен бірге де анықтайды. Өйткені мұндағы жұрт заң бұзушылық немесе қауіпті жол қозғалысын байқаған жағдайда тәртіп сақшыларына дереу хабарласуы тиіс. Көпшілік соған дағдыланған. Скутермен қауіп онсызда сейілмей тұрғанда мопед мінгендер де жағдайды қиындатып жіберген. Негізінен жеткізу қызметінде қолданылатын техника желдей жүйткіп, кілт тоқтайды немесе кенет бағытын өзгертеді. Тұрғындар мопед жүргізушілерінің жылдамдықты шамадан тыс арттырып, тәртіп бұзатынын айтады.

Алаа Хасан, қала тұрғыны:
- Дубайға қарағанда, Шарджада талаптар біршама өзгеше. Ол жақта самокат тек белгілі бір уақыт аралығында жүруге болады. Бір жағынан жақсы. Жолда келе жатып, ештеңеге алаңдамайсыз.

Осылай дегенмен кез келген әмірлікте тәртіп қатаң. Жол-көлік оқиғалары рұқсатсыз камераға түсірілмейді. Оның соңы кейде әкімшілік жазаға әкеп соғады. Мұндай жағдайда жүргізуші де, жаяу жүргінші де сақ болуы шарт. Жолды қысқартамын деп өмірін қысқартып алатындар бұл жақта да аз емес.
Рауан Мыңбай

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz