RU
Толық нұсқаға өту

Бельгия мұражайына қазақтың жетігені табысталды

14.04.2026, 12:40 58

Бельгияның Корольдік музыкалық аспаптар мұражайы құнды жәдігермен толықты. Қазақтың жетігені музей қорына салтанатты түрде табысталды. 

Астана қаласында 1600-ден астам ұлттық музыкалық аспап сақталған Өнер музейі бар. Оған қарасты Болат Сарыбаев атындағы зертханада шеберлер ұмытылған көне музыкалық аспаптарды қайта қалпына келтірумен айналысады. Қазақстаннан Бельгияға жеткізілген жетіген де сол шеберхананың өнімі.

Баянды Сахарияұлы, Астана қаласы Өнер музейінің басшысы:

- Арнайы осы қалаға, елге өзіміздің ұлттық аспабымызды сый ретінде тартып отырмыз. Енді бұйырса, осы кең сарайда, осы мұражайда, музейде сол аспап тұратын болады. Ол да біздің көңілімізді бір керемет сезімге бөлеп отыр. Екі елдің арасындағы мәдени байланысымыз арта берсін.

Бельгияның Корольдік музыкалық аспаптар мұражайы әлемнің әр қиырынан жеткізілетін жәдігерлерді қабылдауды XIX ғасырдан бері дәстүрге айналдырған. Мұндай ұстаным өздері бара алмайтын алыс мемлекеттердің аспаптарымен қорларын толықтыруға мол мүмкіндік береді. Бұл жолы музей қызметкерлері кәсіби музыканттың орындауындағы жетігеннің жанды үнін де таспалап алды.

Анн-Эмманюэль Келеманс, Корольдік музыкалық аспаптар мұражайы ішекті аспаптар бөлімінің кураторы:

- Бұл бейне бес жылдан кейін де, он, жиырма, тіпті отыз жылдан соң да алтын қорымыздың бір бөлігі болып қала береді. Соның арқасында келер ұрпақ аспапты сөреден көріп қана қоймай, оның үні қандай болатынын ести алады.

Бұған дейін қазақтың қасиетті қара домбырасы мен сазсырнайы да осы мұражай төрінен орын алған еді. Бүгін олардың қатарын жетіген толықтырып отыр. Жалпы мұражай қорында 10 мыңнан 15 мыңға дейін экспонат бар. Құнды жәдігерлердің ұзақ уақыт бойы бұзылмай сақталуы үшін мұрағаттың ауа температурасы мен климаттық жағдайына аса мән беріледі. Музей өкілдері алдағы уақытта Орталық Азияға арналған тұрақты экспозиция әзірлеуді жоспарлап отыр. Қазақстандық тарап барынша қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Роман Василенко, Қазақстан Республикасының Бельгиядағы елшісі:

- Брюссельде өзге мемлекеттерден келген 150 мыңнан астам әртүрлі өркениеттің өкілі өмір сүріп, еңбек етеді. Мұндай жәдігерлер шетелдіктердің мәдениетімізді тереңірек танып-білуіне жол ашады деп ойлаймын.

Мұражайдың тарихы сонау 1876 жылдан бастау алады. Алғашында ол Брюссель Корольдік консерваториясының бір бөлігі болып, профессорлық құрам мен студенттерге ондағы аспаптарда ойнауға мүмкіндік беріліп отырған. Уақыт өте мамандар экспонаттарды жиі пайдалану оларды тоздыратынын түсініп, ұстанымын өзгертті. Бүгінде мұражай жәдігерлерді құжаттау, сақтау және ғылыми тұрғыда зерттеумен айналысады.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz