Түркияның Кахраманмараш қаласындағы орта мектептің бірінде атыс болды. Алдын ала дерек бойынша, қаруланған күдікті алдымен оқу ордасының ауласында оқ атып, кейін ғимаратқа кіріп, шабуылын жалғастырған.
Қаза тапқандар мен жараланғандар бар.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Бүгін Кахраманмараштағы орта мектептің бірінде атыс болып, салдарынан төрт адам қаза тапты. Оның біреуі мұғалім, қалғаны оқушы. Тағы 20 адам жараланған, қазір төртеуінің жағдайы ауыр. Ауруханада хал үстінде жатыр. Ресми дерекке сүйенсек, шабуыл жасаған 8-сынып оқушысы. Ол мектепке бес тапаншамен келген. Қаруды сөмкесіне салып кірген. Сөйтіп екі сыныпқа кіріп, оқушыларға оқ атқан. Алайда күдікті оқиға барысында көз жұмды. Оның өз-өзіне қол жұмсағаны немесе атыс кезінде көз жұмғаны әзірге белгісіз. Провинция губернаторы келтірген дерекке сәйкес күдікті – осы мектептің оқушысы. Ал әкесі – бұрынғы полиция қызметкері. Қазір күдіктінің әкесі қамауға алынды.
Қазір оқиға бойынша жан-жақты тергеу басталды. Мектеп аумағы қоршауға алынып, жедел жәрдем мен полиция қызметі жұмыс істеп жатыр. Аймақта қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Айта кетейік, бұл Түркияда кейінгі екі күнде болған екінші оқиға. Дәл осындай жағдай Сиверек қаласында тіркелген. Оқушы өзі білім алатын мектепке шабуылдап, артынша оқиға орнында өз-өзіне қол жұмсаған.
Тегтер #Түркия #мектеп #атыс #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz