RU
Толық нұсқаға өту

Ирандағы соғыс туризмді тежеді

16.04.2026, 07:45 38

Еуропалықтар ұшаққа билет алмас бұрын, ойланып алғаны абзал.

Авиациялық реттеуші мекеме Таяу Шығыс пен Парсы шығанағы арқылы ұшу қауіпті екенін еске салып, қауіпсіздік мерзімін 24 сәуірге дейін ұзартты. 

Туристер де жер-жаһанды шарлауға құлықсыз. Алысқа ұзап шықпауға тырысады. Мәселе қауіпсіздік қана емес, туризм қалтаға да едәуір салмақ сала бастады.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Халықаралық әуежайлар қауымдастығы «Егер Ормуз бұғазы алдағы үш апта ішінде ашылмаса, Еуропа әуежайлары авиациялық отынсыз қалуы мүмкін» деп ескертеді. Мамандардың айтуынша, бұл жағдай әуе тасымалы мен әуежайлардың жұмысына орасан зор кедергі келтірмек.

Негізгі салмақ қарапайым жолаушылардың қалтасына түскелі тұр. Өйткені отын бағасы өссе, әуе билеттері де қымбаттауы ықтимал. Сондықтан Кәрі құрлықтағы туристер алыс әрі тәуекелі жоғары бағыттардан бас тартып, ішкі туризмді қанағат тұтуға мәжбүр.

БЛИЦ:

- Еуропада әдемі жерлер көп. Мысалы, Италияның табиғаты ерекше сұлу. Бельгия да өте керемет ел. Біздің мұнда алғаш қыдырып келуіміз.

- Соғыс тезірек аяқталса деп тілеймін. Себебі қазір бәрі қымбаттап кетті, әсіресе жол шығындары. Мен бір аптадан кейін Мароккоға баруым керек еді, бірақ енді сапарымды кейінге қалдыратын шығармын. 

Туроператорлар мен әуе компаниялары да жаңа жұмыс тәсіліне көшті. Олар бұрынғыдай жай ғана тур сатып, жайбарақат отыра алмайды, тұтынушының асты-үстіне түсіп, бағыттың қауіпсіз екенін айтып сендіруге тырысуда. Саяхатшылар болса, ауыстыруға не қайтаруға болатын билет сұрап, тәуекелдің барынша аз болуын талап етіп жатыр.

Бенджамин Якоби, TUI туристік компаниясы Германиядағы бөлімшесінің басшысы

- Сұраныс, әрине, төмендейді. Бірақ барлығы қарулы қақтығыстың қалай өрбитініне байланысты. Біздің компания демалушылар сұранысының Батыс Жерорта теңізі бағытына қарай ауып жатқанын байқап отыр. Қазіргі жағдай өте тұрақсыз.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Еурокомиссияның айтуынша, ЕуроОдақ елдері әзірге авиациялық отын тапшылығын сезінген жоқ. Бірақ тәуекел жоғары. Мамандар: «Жағдай шиеленіссе, бірнеше аптадан кейін авиаотын жетіспеушілігі туындап, туризм саласына кері әсері күшейеді, деп отыр.  

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz