Туристер думанды Дубайдан да аяқ тарта бастады. Себеп белгілі. Қазір тыныш болғанмен, ертең үйіңе қайтуың мұң болып қалуы мүмкін.
Жергілікті билік енді турист тартудың амал шарғысын іздеп әлек. Әуелі салықтық жеңілдіктер жасала бастады. Айталық, туристік алым жүйесі уақытша тоқтатылды. Бұл шығынды мемлекет өз мойнына алады. Бір тәуірі шарықтап кеткен баға төмендеп, қызмет құны біршама арзандады.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Кәсіп иелері бұл жағдайда тек әмірлік тұрғындарына арқа сүйеп отыр. Яғни билік те, бизнес те жергілікті саяхатшыларға иек артады. Есесіне резиденттер кез келген қонақүйге арнайы жеңілдікпен тұрақтай алады. Бұл - бір. Екіншіден, бір-біріне жақын әрі жапсарлас орналасқан қызмет көрсету орындары сервистерін біріктіріп, қолайлы баға саясатын енгізген. Әйтеуір дағдарыс салдарын барынша азайтудың амалы. Анығы сол, наурыз айында көптеген шағын бизнес уақытша жабылуға мәжбүр болды. Әсіресе туристік агенттер мен гидтер жұмысы тоқтады. Яғни саладағы жұмыс орындары қысқара бастады. Тек орташа және ірі кәсіп иелері қызметін қалыпты жалғастырып келеді.
Мухаммад Насер, туристік компания басшысы:
- Біздің компания нарықта 6 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында шаруамыз кеңейіп қалды. Тек туристік бағытта емес, басқа да секторларда қызмет етеміз. Наурыз айында жағдай қиындау еді. Қазір бірте-бірте тұрақталып жатыр. Үкімет жан-жақты қолдайды. Әр кез мәселені шешуге тырысады. Жағдай бұдан да жақсы болады деген үміттеміз.
Аймақтағы геосаяси жағдай тұрақталмайынша, туризм саласының толық қалпына келуі екіталай.Түрлі деңгейдегі іс-шара ұйымдастырушылар осылай дейді. Олардың айтуынша, күзге дейін мұнда ешқандай форум, саммит не көрме өтпейді. Сол себепті әмірлік үкіметі бизнесті қолдау мақсатында 1 млрд дирхам бөлген. Бұл қаржы қонақүй, мейрамхана және басқа да туристік нысандардың бюджетке берешегі және алым-салығын өтеуге жұмсалмақ. Бастама инвесторлардың үкіметке деген сенімін жоғалтпауға бағытталған. Өйткені әмірлікте жалпы ішкі өнімінің шамамен бестен бір бөлігі туризмге байланған. Тек оның қанша уақытқа созылары белгісіз.
Авторы: Рауан Мыңбай
Тегтер #туризм #Дубай #турист
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz