RU
Толық нұсқаға өту

Қытайда туристер көбейді

16.04.2026, 08:15 42

Есесіне биыл Қытайға саяхаттаушылар саны күрт өсті. Бұған бір есептен туризмді дамытуға бағытталған жобалардың да әсері бар.

Билік қонақтардың не көріп, не іздейтінін талдап, сол саланы икемдеп, әртараптандыра бастады. Туризмге тіпті той думан, спорт, демалыс қана емес ауыл шаруашылығын да қосқан. Қазір жыл он екі ай туристер ағылып, көл-көсір табыс әкеліп жатыр.  

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Қытайда көктем мен күз айлары шетелдік туристер үшін ең қолайлы кезең. Жылдың осы мезгілінде Қытайда туристер көп келеді. Осыған сәйкес бұл елде әр маусымда кешенді жоспар жасалған. Мәселен, қазір жеміс ағаштары гүлдеп сакураны тамашалайтын уақыт.

Осы сәтті қытайлар ұтымды пайдаланады. Кейінгі кездері Қытайда сұраныстың артуына байланысты ауыл шаруашылығы бағытында өсірілетін бау-бақшалар да туристік нысан ретінде пайдаланыла бастады. Теміржолдардың бойына миллиондаған жеміс ағаштары отырғызылып, саябақтар көбейтілді. Бұл да турист тартудың бір амалы. Гүлдеген ағашты көру үшін миллиондаған адам пойызға мінеді. Ресми деректерге сәйкес, Қытайда биылғы жылдың бірінші тоқсанында жасалған ішкі сапарлар рекордтық көрсеткішке жетті. Тек қана теміржол көліктері арқылы бір миллиардтан астам адам жол жүрген.

Дай Бин, Қытай Туризм академиясының президенті:

- 2026 жыл Қытай туризмі үшін табысты басталды. Үш негізгі тенденция байқалып отыр. Біріншіден, көлік қозғалысы айтарлықтай өсті. Қалааралық сапарлар 15 пайызға, көліктерді жалға алу 40 пайызға артты.  Екіншіден, ақша айналымы, үшіншіден, саяхатшылар көбейіп отыр. Зерттеу кезінде азиялықтардың көпшілігі төрт-жеті күндік сапар, ал батыстан келген туристер жеті күннен астам уақытқа созылатын турларды қалайтындығын көрсетті.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Қытайдың ұлттық туризм басқармасы жанындағы ғылыми зерттеу институты жүргізген талдау туристер ірі қалалардан гөрі шағын қалашықтар мен ауылдардағы тұрмыс-тіршілікті көруге қызығатындығын анықтаған. Сондай-ақ медициналық туризм алдыңғы қатарға шықты. Бұл бағытта келетін шетелдіктер саны 20 пайызға өскен.

Қазір әлемде экономикасы туризмге байланған елдердің жағдайы күрделі. Таяу шығыстағы соғыс кейбір мемлекеттерді қыруар табыстан қағып отыр. Энергетикалық дағдарыс көлік, әуе тасымалы мен қонақ үй нарығының астаң-кестеңін шығарды. Дегенмен жаһандық экономика шатқаяқтап тұрған шақта Бейжің бұл салада ұтымды саясат жүргізіп келе жатыр десе болады.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Бүгінде Қытайдың 50 мемлекетпен визасыз режим туралы келісімі бар. Сондай-ақ 55 елдің азаматтары үшін транзит кезінде 240 сағатқа дейін визасыз саяхаттауға жағдай жасап қойған. Осының арқасында шетелдік туристер саны артты. Мәдениет және туризм министрлігінің мәліметіне сәйкес, былтыр Қытайға 150 миллион шетелдік турист кірген. Бұл алдыңғы жылдан 17 пайызға көп. Олар 130 миллиард АҚШ доллар жұмсады деген ақпар бар.

Авторы: Руслан Бақытбекұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz