RU
Толық нұсқаға өту

Кубада туризм тұралап тұр

16.04.2026, 08:30 50

АҚШ санкциялары онсызда талай жылдар қысым көріп келген Кубаның экономикасын шайқалтты. Мұндағы бір табыс көзі туризм еді. Бұл сала да қожырай бастады.

Өйткені аппақ жағажай, әйгілі ретро көліктерімен әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған туристі баураған «Бостандық аралына» биыл келушілер саны күрт азайды. Өйткені елде энергетикалық дағдарыс күшейді. Мыңдаған әуе рейсі тоқтап қалды. Қазірдің өзінде біраз мейрамхана мен қонақ үйлер жабылып қалды. 

Кубада туризм тұралап тұр

Куба астанасы Гавана халық арасында «уақыт тоқтап қалған шаһар» атанып кеткен. Мұнда аспанмен таласқан зәулім ғимараттарды таппайсыз. Есесіне ежелгі сәулет өнері қаз қалпында сақталған. Ал қала көшелерінде әлі күнге дейін сонау 1950 жылдарғы ретро автокөліктерді жиі кездестіруге болады. Халыққа қызығы да - осы. Алайда кейінгі кезде елде шын мәнінде уақыт тоқтап, жұрт өткен ғасырға түскендей күй кешіп жүр. Жыл басталғалы ұлттық энергетикалық жүйе толығымен істен шығып, мемлекет бірнеше рет тас қараңғыда қалды. Жергілікті тұрғындар жанармай қажет етпейтін арбаға мінуге мәжбүр. Әдетте, Гавананың орталық саябағында ескі көліктерді жалға алу үшін туристер ұзынсонар кезекке тұратын. Қазір оның біреуі де жоқ.

Эдуардо Седено, ретро көлік жүргізушісі:

- Мен жұмысымнан айырылып қалуым мүмкін. Туризм болмаса, табыс та жоқ, сондықтан кәсібімді ауыстыруға мәжбүр боламын. Біз жеке кәсіпкерміз, яғни өз күнімізді өзіміз көруіміз керек. Бензинмен жүретін ескі автокөліктер жанармайды көп қажет етеді әрі табыс әкеліп жатқан жоқ. Кей адамдар осы себептен бұл  жұмысын тастап кетіп жатыр. 

Иветт Кортина, кәдесый сатушысы:

- Бұған дейін саудам қызып тұрған еді. Бірақ қазір күніне ең көп дегенде бір-екі тауар ғана өтеді. Тіпті кейінгі айда мүлдем ештеңе сата алмаған күндерім де болды. Мұндай жағдайды алғаш рет басымнан өткеріп отырмын.

Куба ұлттық статистикалық басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, қаңтар айында елге 70 мыңдай турист келген. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда екі есе аз. Тіпті пандемия кезіндегі көрсеткіштермен шамалас. Қазір елдің ең басты көрікті жерлері қаңырап тұр. ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра тізіміне енген Ескі Гаванада шетелдік демалушылардың легі бәсеңдеген. Варадеро, Кайо-Санта-Мария мен Кайо-Коко атты танымал жағажайларда мейрамханалар жабылып қалды. Әйгілі Куэва-де-лос-Песес үңгірі де туристер үшін қолжетімсіз. Ал ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған Сапата жарты аралында жарық тәулігіне 22 сағатқа дейін өшіріледі.

Мануэла Аренсибия Баэс, үйді жалға беруші:

- Жалға беретін үйлерімізде күн батареяларын орнаттық. Бағасы өте қымбат. Осыған қарамастан туристер сапарларынан жаппай бас тартып жатыр. Шетелден Гаванаға жетіп, бірақ екі жарым сағаттық жердегі Сапата жарты аралына келу үшін такси таппаған туристер де бар. Басты мәселе – отынның жоқтығы. Шынын айтқанда мұның бәрі халыққа қарсы жасалған қылмыспен тең.

Кубада энергетикалық дағдарыс күшейді

Кубаның энергетикалық жүйесі тоқырау табалдырығында тұр. Билік тығырықтан шығар жол іздеп, бірқатар шара қабылдағанымен, одан әзірге еш пайда жоқ. Жергілікті тұрғындар жанармайды арнайы электронды қосымша арқылы сатып алуға міндеттелді. Өз кезегін бір айдан астам уақыт күтеді. Оның өзінде 20 литрден артық бензин ала алмайды. Осының кесірінен қара нарық белең алды. Жанармайдың литрі ресми 1,30 доллар тұрса, алыпсатарлар 8-12 долларға саудалап жатыр. Ел президенті 67 жыл бұрын АҚШ-тың Гаванаға енгізген санкцияларын «геноцидке» теңеді. Жыл басында «Бостандық аралына» мұнай сататын елдерге баж салығын енгіземін деген Дональд Трамп Ираннан кейін Кубамен айналысатынын қадап айтты. Осыған қарағанда елдегі жағдайдың әлі оңалатын түрі жоқ.

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Кубаның жайы не боларын алда көре жатармыз. Бұл – бөлек әңгіме. Куба ұзақ уақыт бойы нашар басқарылып келеді. Жүйесі нашар, жолы болмаған мемлекет. Ираннан кейін Кубаны қолға аламыз.

Биыл круиздік демалысқа сұраныс артады

Былтыр әлем бойынша 1 млрд-тан астам турист халықаралық сапарларға шыққан. Сарапшылардың айтуынша, биыл круиздік демалысқа сұраныс артады. Ашық мұхитқа шығып, кемі бір апта саяхаттауды қалайтындардың қатары көбейеді. Бұл, әсіресе, 40-60 жастағы азаматтар арасында өзекті болмақ. Әлемдегі ірі туристік компаниялардың болжамына қарағанда 2026 жылы жұрт жанға жайлы, бірқалыпты, баяу демалысқа басымдық бермек. Қаланың күнделікті күйбең тіршілігінен қажыған халық жанға сая болатын жырақ жерді іздейді. Сол себепті тау баурайында, табиғат аясында орналасқан бірбөлмелі қонақүйлер де сәнге айналмақ.

Әлемдегі геосаяси ахуал туристердің жоспарын түбегейлі өзгертіп жатыр. Қазір ең басты талап – қауіпсіздік. Жағажайдағы демалысты қалайтын саяхатшылар Оңтүстік-Шығыс Азия елдерін таңдаса, белсенді демалыс үшін Еуропаға баруды жөн көреді. Осылайша биыл кей мемлекеттер дағдарыстың әсерінен туристерден қол үзіп қалса, енді біреулердің айы оңынан туайын деп тұр.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz