Қара судың қасиетін сезетін күн жақындап келеді. Болашақта жер, қазына, байлық үшін емес бір ұрттам су үшін соғыс болуы ықтимал.
Мұны айтып отырған емес, әлемдік қауымдастық осылай дейді.
Жерасты суы тұрмақ, кейінгі 55 жылда, әлемдегі өзен-көлдердің 50 пайызы жағадан алыстап кеткен. Үлкен қауіп осы. Тіпті «су дағдарысы» деген термин ескіріп, «су банкроттығы» деген жаңа ұғым қолданысқа еніп келеді. Мәселен, қазір Иракта су мұнайдан да қадірлі. Ресми Бағдад тіршілік нәріне қол жеткізу үшін Түркиямен арнайы келісім жасасқан. Яғни Анкара су берсе, Ирак орнына мұнай ұсынады.
Ирак мұнайды суға айырбастайды. Мұны америкалық CNN телеарнасы хабарлады. Бағдад Тигр мен Евфраттың суын тұтынады. Ал бұл өзендердің бойынна Түркия үлкен канал қазып, суды бұрып алған. Ал шөлейтті аймақта әуелден жауын-шашын аз. Оның үстінде климаттың өзгеруі жағдайды тіптен қиындатты. Бұдан бөлек, сырттан Батыстың санкциялары, іште жемқорлық жегідей жеп барады. Құрғақшылықтың салдарынан Иракта 120 мың адам үйін тастап, көшуге мәжбүр. Бір тәуірі Бағдад Анкараның бабын тауып, суды бірлесіп пайдалануға келіскен.
Мұхаммед Абдуллах, шаруа:
- Жер асты сулары да қатты азайған. Бұрын 7–8 метр қазсаң, бірден су шығатын. Ал қазір 60 метр құдық қазып, әрең жеттік.
Бағдад мұнайдан түскен қаржыны арнайы әлеуметтік қорға күнде аударып тұрады. Ал түрік компаниялары Ирактағы су инфрақұрылымын жаңартуға уәде беріп отыр. Мұнысын аймақтағы тұрақтылық пен экономикалық ынтымақтастықты арттыруда маңызды шешім деп атады. Бұған қатысты Ирак халқының пікірі сан алуан. Бірі бұл уағдаластықты мұнайдан түскен табысқа байланыстыру қателік десе, енді бірі тіршілік нәрі қысым көрсетудің құралына айналмай ма деп күдіктенеді. CNN-нің дерегі бойынша, Ирак мұнай қоры бойынша әлемде 5-ші орында. Жер қойнауында 145 млрд баррель қара алтын жатыр. Сөйте тұра, қара суға зәру. Тіршілік нәрі үшін Түркияға мұнайдан түскен табысынан бөліп беріп отыр.
Акрам Хедхир, жергілікті шаруа:
- Біз тіршілік нәрінің 60 пайызын көрші елдерден аламыз. Иран мен Түркия суды өз қалауынша аз-аздан ғана жібереді. Сондықтан Иракқа су жетпей отыр. Бәрі сол елдердің шешіміне байланысты. Қаласа, су береді, қаламаса, түк те жоқ. Бұл мәселе сауда мен мұнай келісімдері арқылы шешіледі.
Кабул халқы қара суға зәру
Ауғанстан астанасы да сусыз қалуға шақ тұр. Тіршілік нәрінің көзі әрі кетсе 4 жылда таусылуы мүмкін. Бұған климаттың өзгеруі, халық санының өсуі және тіршілік нәрін тиімсіз пайдалануы себеп. 2000-шы жылдың басында шаһарда 2 жарым млн адам тұрса, қазір бұл көрсеткіш 6 млн-дай ғана. Ауғанстан жерасты суларына тәуелді. Кейінгі он жылда деңгейі 25-30 метрге төмендеген. Ал 2030 жылға қарай толық сарқылуы ықтимал. Көшелерде құдықтар бар. Бірақ, суы ішуге жарамсыз. Ал сатып алуға бәрінің бірдей шамасы жоқ.
Жергілікті тұрғын:
- Жұмыс жоқ, жағдай ауыр. Тамақ алуға да ақшамыз жоқ. Суды қайдан аламыз? Сондықтан, адамдар лас суды ішуге мәжбүр.
Қазақстан да бұл қауіптен алыс емес. Өйткені Орталық Азиядағы ең ірі өзен көзі - Әмударияда. Тәліптер осы судың басында отыр. Демек Орталық Азия елдеріне Ауғанстанмен келісу арқылы тіршілік нәрін бөлуден басқа амал жоқ. Бірақ, тәліптердің өздері де суға жарымай отыр қазір.
Кофе алқаптарының 20% жарамай қалуы мүмкін
Кейінгі жылдары Бразилияны да қуаңшылық қос бүйірден қысып келеді. Шаруалар 2050 жылға қарай алқаптағы кофенің бестен бірі қурап, жарамсыз болуы қалуы мүмкін деп алаңдайды. Сондықтан суаруды аса қажет етпейтін жаңа сұрпын шығаруға білек сыбана кірісті. Бұған бразилиялық агрономдар кофе дәндерінің ішінен - жұрт сүйсініп ішетін арабика сұрпының, құрғақшылыққа төзімді түрлерінің генін селекциялау арқылы қол жеткіземіз дейді. Қазір зертханада сынақтан өтіп жатыр. Агрономдар кофенің жаңа сұрпы ысырапты азайтып, өнімділікті көбейтеді деп сенеді.
Оливейро Геррейро Фильо, агроном:
- Егер құрғақшылыққа шыдайтын, күтімді аса қажет етпейтін арабиканың жаңа сұрыпын шығарсақ, Бразилияда кофе өсіру әлдеқайда тиімді бола түседі. Әрі бәсекеде бәсіміз биіктейтіні анық.
Иә, сусыз тіршілік жоқ. Мұны адамзат енді сезіне бастады. Үлкен судың бастауында отырған елдердің тіршілік нәрін саудаға сала бастауы жағдайды кез келген уақытта ушықтырып жіберуі ықтимал. Ендігі қауіп осы.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #су #Ирак #экологияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz