RU
Толық нұсқаға өту

Әлем елдеріндегі цифрлық қауіпсіздік

23.04.2026, 19:30 30

Әлем елдері балалардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударып жатыр. Осы мақсатта бірқатар мемлекет қатаң шараларды қолға алған.

16 жасқа толмаған жасөспірімдерді әлеуметтік желіден шеттеткен алғашқы мемлекет – Австралия. Қытай, Грекия, Бразилия да осындай саясатқа көше бастады. 

Австралия - әлеуметтік желіні пайдалануға жас шектеулерін енгізген алғашқы мемлекет. 2025 жылдың желтоқсан айынан бастап 16 жасқа толмаған балаларға Instagram, TikTok, Facebook, X, YouTube және Reddit сияқты танымал платформаларға кіруге тыйым салынды. Желіге тіркелу үшін азаматтар міндетті түрде тексеруден өтуге тиіс. Заңның орындалуына технологиялық компаниялар жауапты. Ережелерді бұзған жағдайда оларға ондаған миллион доллар көлемінде айыппұл салынады. Ал балалар мен ата-аналары жауапкершілікке тартылмайды. Билік өкілдері бұл бастаманы жасөспірімдерді интернеттегі қауіп-қатерден қорғау мақсатында енгізгенін айтады. Болашақта осындай шектеулерді онлайн ойындарға да енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Осыған ұқсас, бірақ әлдеқайда қатаң бақылауға негізделген саясатты Қытай да жүзеге асыра бастады. Биыл наурыз айында билік әлеуметтік желіге 16 жастан бастап қана тіркелуге рұқсат етуді ұсынды. Қазір көршілес елде тұрғындар Facebook, Instagram, TikTok, X, YouTube және Threads сияқты ірі платформаларға кіре алмайды. Олардың орнына отандық цифрлық сервистер ұсынылады. Дегенмен азаматтар шектеулерді айналып өту үшін VPN пайдаланады. Қытайда сондай-ақ «цифрлық коменданттық сағат» деп аталатын ерекше жүйе енгізілген. Яғни кешкі сағат оннан таңғы алтыға дейін балалар үшін интернет толығымен бұғатталады. Жасөспірімдердің құрылғыларында контентті сүзгіден өткізетін арнайы режим жұмыс істейді. Ал мектептерде ұялы телефон қолдануға қатаң тыйым салынған.

Қытай мен Австралия тәжірибесінен кейін Грекия да батыл қадамдарға дайындалып жатыр. 2027 жылдан бастап елде 15 жасқа толмағандарға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салынады. Өйткені жасөспірімдердің ұйқысы бұзылып, мазасыздық белең алған. Reuters агенттігінің деректеріне сүйенсек, ел азаматтардың шамамен 80%-ы бастаманы қолдап отыр. Қазірдің өзінде Грекиядағы білім ордаларында ұялы телефон қолдануға болмайды. Жасөспірімдердің экран алдында өткізетін уақытын бақылауға арналған арнайы бағдарламалар жұмыс істейді.

Жақында Бразилияда цифрлық алпауыттардың қызметін реттейтін заң күшіне енді. Associated Press мәліметтеріне сәйкес, мұнда ата-аналардың бақылауына басымдық берілген. Жасөспірімдердің парақшалары міндетті түрде ересектердің беттеріне тіркелуге тиіс. Ата-аналар бейтаныс адамдармен хат алмасуды бұғаттап, қосымшалар ішіндегі ақша аударымдарын шектей алады. Желі қолданушыларының жас ерекшелігін елемеген компаниялар 9 миллион долларға дейін айыппұл арқалайды. Тіпті ел аумағында қызметін толық тоқтатуы әбден мүмкін.

Авторы: Мөлдір Жақан

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz