Францияның “ядролық қолшатыр” жүйесінен Польша да пана тапқысы келеді.
Осы аптада Президент Эммануэль Макрон мен Премьер-министр Дональд Туск Гданьск қаласында кездесті. Басқосудан соң Туск Еуропа енді Америкаға арқа сүйей алмайды деп мәлімдеді. Мұның бір себебі былтыр Ресей ұшырған 20 дрон Польша аумағына кіріп, бүкіл Еуропаны дүрліктірген еді. Бұдан соң Варшава шекарасын бекітуге кірісті. Осы кезде Франция одақтас елдерге “ядролық қолшатыр” ұсынуға дайын екенін жеткізді. Бірақ Париждің әлеуеті бүкіл Еуропаны қорғауға жете ме? Сарапшылар не дейді?
ПОЛЬША
Еуропа ядролық қауіпке қарсы тұруға дайын болуы керек. Ал мұндай мүмкіндікті Франция ұсынып отыр. Бұл Премьер-министр Дональд Тусктың мәлімдемесі. Оның айтуынша, Париждің “ядролық қолшатыр” жүйесіне таңдаулы елдер ғана кіреді. Қазір Польшадан бөлек Нидерланд, Бельгия, Грекия, Швеция және Даниямен арада келіссөз жүріп жатыр.
Осы аптада Польша премьер-министрі Президент Эммануэль Макронды туған қаласы Гданьскіде қонақ қылды. Тараптар бірқатар маңызды келісімге қол қойды. Соның ішінде бірлесіп, әскери спутник құрастыруға уағдаласты. Сондай-ақ Франция НАТО-ның шығыс шебіндегі өзге елдердің қорғанысын күшейтуге кірісті. Тақауда Балтық елдеріне әуе күштерін шоғырландырды.
Александр, Франция әуе күштері авиациялық қанатының командирі:
- Франция Ресейден қашық жатыр. Бірақ НАТО елдері шекарасына кірсе, жағдай өзгереді. Франция альянс мүшесі ретінде алдыңғы шепте болуы тиіс. Қазір Украинадан кейін Мәскеу Балтық елдеріне шүйлігуі мүмкін деген қауіп басым. Осы аймақтағы халықтың алаңдаушылығын басу үшін, әрі тежеу тетегі ретінде Франция әскерін осы аймаққа арнайы жіберді.
Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың талабы бойынша, атомдық бомбаны қолдану туралы шешімді тек Париждің өзі ғана қабылдайды. Қазір қарт құрлықтың 5 елі осы жүйемен сақтандырылған. Түркия, Бельгия, Германия, Италия және Нидерландта АҚШ-тың ядролық қаруы орналасқан. НАТО Францияның бұл бастамасы халықаралық келісімдерге қайшы келмейтінін мәлімдеді.
ЦИТАТА:
NATO мәлімдемесі
Әлемде өзге елдерде жаппай қырып жою қаруы бар кезде NATO “ядролық одақ” болып қалады. Негізгі мақсат - соғыс бастау емес, керсінше бейбітшілікті сақтау.
БЕЛЬГИЯ
Еуропа бұрын АҚШ-қа арқа сүйейтін еді. Бірақ Трамптың тұсында әскери көмектің болар-болмасы түсініксіз. Сондықтан Еуроодақтың көшбасшы елдері өздігінше қамдануға мәжбүр. Құрама Штаттар “Еуропаны қорғаймыз, бірақ ақысына Иранға қарсы соғысқа қосылыңдар. Әйтпесе НАТО-дан шығамыз” деп ескертті. Алайда Американың басты одақтастары бұл жолы Вашингтоннан бойын аулақ салды. Мәселен, Испания мен Италия Иранға бет алған АҚШ-тың әскери ұшақтарын қондыруға рұқсат бермеді.
Джейми Ши, НАТО-ның бұрынғы баспасөз хатшысы
БЕЛЬГИЯ
АҚШ Иранға соққыны жасайтынын НАТО-ға мүлде ескерткен жоқ. Өз бетінше шешім қабылдап алып, салдарын бірге көтерейік деуі қисынсыз. Еуропаның көмегі шынымен керек болса, Құрама Штаттар бұл мәселені операцияны бастамай тұрып одақтастарымен неге талқыламаған?
Еуропаның ядролық қаруын сайлап жатқанына Ресей алаңдаулы. Кремль мұндай қадамдарды кәрі құрлықтағы шиеленісті күшейтіп, әскери қарсылықты арттыратын фактор деп бағалап отыр.
Дмитрий Песков, РФ Президентінің баспасөз хатшысы:
- Әуелі нақты қандай қарулар жайлы сөз болып жатқанын және қарт құрлықтың қай елдеріне орналастырылатынын анықтап алу керек. Бірақ бұл Еуропа ядролық қаруын сайлап жатқанын көрсетеді. Ал қарт құрлықтың мұндай әрекеті тұрақтылыққа кепілдік бола алмайтыны анық.
2030 жылға қарай Франция қорғанысқа бөлінетін қаржыны 36 млрд еуроға дейін ұлғайтады. Алайда “ядролық қолшатыр” жүйесіне қажетті арсеналды көбейту оңай шаруа емес. Париж атом бомбаларын тек өзінде күтіп ұстауға әскери бюджетінің 13 пайызын жұмсайды. Елдің сыртқы қарыз-құрызы онсыз да көп. 5 жылда жалпы ішкі өнімнің 128 пайызына жетуі ықтимал. Сарапшылар Францияның атомдық жоспарын Германия бірлесіп қаржыландыруы мүмкін деп санайды. Алайда Францияның бұған келісуі екіталай. Себебі Париждің әскери әлеуеті әлсіреуі ықтимал, - дейді сарапшылар.
Демек, Францияның әскери жоспары АҚШ-тың «ядролық қолшатырын» толық алмастыра алмайды. Тек қосымша тетік ретінде қарастырылуға тиіс. Келер жылы Францияда президенттік сайлау өтеді. Саяси додада Эммануэль Макронның қарсыласы Марин Ле Пен жеңіске жетуі мүмкін деген болжам бар. Ол ядролық қаруды өзге елдерге орналастыруға қарсы. Мұны тек Францияның шекара шебін қорғауға пайдалану қажет, деп санайды.
Зайнұр Байжігіт
Тегтер #Таңдаулы #Франция #Еуропа #Ресей #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz