RU
Толық нұсқаға өту

Корея пластикті қолдануды азайтуға кірісті

25.04.2026, 08:30 41

Оңтүстік Кореяда пластик бұйымдарын пайдалануды азайтуға арналған ауқымды шара басталды. Оған кез келген тұрғын қатыса алады.

Осылайша, билік полимерлер өндірісіне қажетті нафтан шикізатына деген сұранысты төмендетуді көздеп отыр. Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан елде қажетті шикізат жетіспей жатыр. Ормуз бұғазы арқылы Оңтүстік Кореяның мұнай өңдеу зауыттарына көмірсутектердің 60 пайыздан астамы тасымалданады.

Нафтаға сұранысты төмендету үшін 12 сәуірден бастап жарты жылдық әлеуметтік акция басталды. Қатысушылар арнайы порталда тіркеліп, экологиялық нормаларды сақтау туралы фотоесептермен бөлісуі керек. Тізімде 9 тармақ бар. Оның ішінде көп мәрте қолдануға болатын стақандар мен сөмкелерді пайдалану, ал тамаққа тапсырыс бергенде бір реттік ыдыстардан бас тарту қарастырылған.

Юн Джи Ин, Корея Қоршаған ортаны қорғау корпорациясының менеджері:

- Біз мұндай бастамаларды бұған дейін де жүзеге асырғанбыз. Мысалы, былтыр оны 30 мыңға жуық адам қолдады. Қатысушылар арасында лотерея ойнатылып, жеңімпаздар 3,5 доллардың сыйлық сертификаттарын немесе құны шамамен 27 доллар болатын эко-тауарларды алды.

Бағдарламаның тағы бір бағыты – «қалдықсыз» мекемелерді қолдау. Ол бойынша тұрғындар көп мәрте пайдалануға болатын ыдысты өздерімен бірге алып кете алады. Бірақ қолданып болған соң оны арнайы қабылдау пункттеріне өткізуі тиіс.

Шара аясында ірі бизнеске қалдықтарды бақылауды күшейту жүктелді. Талапқа сай енді кәсіпорындар онлайн-жүйе арқылы электронды жүк құжаттарын жіберіп отырады. Онда тасталған қоқыс көлемі, оны тасымалдаған көлік және қайта өңделген жері көрсетіледі. Жүйені қазірдің өзінде 400 мыңға жуық ұйым пайдаланады.

Пак Ён Чжин, Корея Қоршаған ортаны қорғау корпорациясының менеджерінің орынбасары:

- Егер компания есеп жібермесе немесе қоқыстан заңсыз құтылмақ болса, біз заң бұзушыларды GPS немесе полигондардағы бейнебақылау камералары арқылы анықтаймыз. Заңды бұзғандарға 340 доллардан 680 долларға дейін айыппұл салу қарастырылған.

Корея экономикасы үшін негізгі көлік күретамыры саналатын Ормуз бұғазының бұғатталуы айтарлықтай соққы болды. Бұл бірінші кезекте жанармай құнына әсер етті: дизель 17, ал бензин 8 пайызға қымбаттады. Бағаның өсуі логистикалық шығындарды арттырып, азық-түлік пен импорттық тауарлардың қымбаттауына әкеп соқты. Ет пен мал шаруашылығы өнімдері 6 пайыздан астам, ал балық пен теңіз өнімдері шамамен 4,5 пайызға қымбаттады.

Экономистердің болжамынша, жанармай тапшылығы тауарлар мен қызметтердің құнына 2-3 айдан кейін әсер етеді. Әсірісе баға жаз айларында шарықтайды деп болжанып отыр. Халықты қолдау мақсатында билік 27 сәуірден бастап бір реттік жәрдемақы беруді жоспарлап отыр. Табысы төмен және орташа азаматтар 68 доллардан 170 долларға дейін алады.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz