Қазақстандық бес спортшы Сахара шөлінде 270 шақырымдық қашықтықты бағындырды.
40 жылдық тарихы бар Marathon des Sables әлемдегі ең күрделі марафондардың бірі саналады. Биылғы додаға әлемнің түкпір-түкпірінен мыңнан астам спортшы қатысты.
Жүйкесі темірдей төзімді желаяқтар сәуірде Сахараға жиналады. Биыл Павел Тенцер де өз күшін сынап көріпті. Сахара талайдың сағын сындырған. Сондықтан болар мәреге жеткен Павел қуаныштан көз жасына ерік берді. Ультрамарафон алты кезеңнен тұрды. Спортшылар құмды төбелер, тау-тас пен тартылған өзен арналарын жүгіріп өтті. Тіпті бір күнде 100 шақырымды еңсерген кездері болған.
Павел Тенцер, жаттықтырушы:
- Мен жарыстың арқасында жақын адамдардың көмегі мен қолдауының қаншалықты маңызды екенін, қасыңда бірге жүрген достардың қадірін түсіндім. Құмның ішінде таза су, жарық, байланыс сияқты қарапайым дүниелердің бағасын білдім.
Марафонға тәжірибелі желаяқ Ғалым Шуашев те қатысты. Ол мәреге 25-ші болып келді. Ғалым Сахарадағы жарысқа екінші рет қатысып отыр. Шөлді жерді еңсеру үшін тыңғылықты дайындалыпты.
Ғалым Шуашев, әуесқой спортшы:
- Мұндай марафонға кем дегенде 1 жылдан астам уақыт дайындалу керек. Соңғы бір жылдан астам уақыт марафонға жақсылап тұрып «беговой объемдармен» көбейтіп дайындалғанмын. Сахаралық марафонда ең бірінші күн ыстық болғаннан кейін, күлгін ультрафиолеттері өте қатты. Екінішіден, құмды дауыл тоқтамай 24 сағат ұра берді.
Спортшылар бірнеше күн далада өмір сүрді. Бұл жарысты өзгелерден ерекше ететінде осы. Желаяқтар өзімен бірге бір апталық керек-жарағын алып жүрді. Сөмкенің салмағы шамамен 9 келі болады.
Ғалым Шуашев, әуесқой спортшы:
- Сөмкемізде кем дегенде күніне 2000 каллория тамағымыз болу керек. Міндетті түрде «гипервока» деген тізімі бар, сол заттарды ұйымдастырушылар тексереді. Ұйымдастырушылар тек бізге күніне 5 литр су беретін.
Қазақстан атынан сынға түскен бес спортшының екеуі әйел. Marathon Des Sables әлемдегі үздік желаяқтар қатысатын ауқымды сайыс. Биыл жарыс 40-шы рет ұйымдастырылды. Марафонға 50-ден аса елдің спортшылары келді.
Авторлары: Ернұр Рысбай, Валентин Лобанов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Сахара #марафонPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz